Бұл іздеуде жүрген қарақшы ма, әлде?..
27 қаңтар күні Қостанай қаласында 23 жасар қыздың сөмкесін тартып әкеткен қарақшы қолға түсті. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлайды. Оқиға былай өрбіпті. Жәбірленуші қаладағы Бородин көшесінде кешкі 22.00 шамасында келе жатқан. Белгісіз біреу келіп, қолындағы сөмкесін жұлып әкетіп, оқиға орнынан із суытады. Бойжеткен дереу полицияның тірек пунктіне келіп, арыз жазады.

Облыстық ІІД таратқан ақпаратқа сенсек, қолға түскен 26 жасар күдікті бұған дейін осыған ұқсас бірнеше қылмыс жасағанын мойындапты. Қазір аталған қарақшылық әрекеттер жан-жақты тексеріліп жатыр. Сондай-ақ, күдіктінің бұрын сотталғандығы да белгілі болған.
Естеріңізге салсақ, соңғы екі ай бойы Қостанайдағы Корей ауылында әйел адамдарды тонап, елдің мазасын алып келген қарақшының ұстатпай жүргенін жазған болатынбыз. Белгісіз ер адам қылмысын бір ізбен жасап келген, яғни, көз байланған қараңғы мезгілде тек әйел адамдардың қолындағы бағалы заттарын тартып әкетіп отырған. Бұл шабуылдардың бетін ашуға арнайы жедел-тергеу тобы құрылған болатын.
Қазіргі таңда барлық деректерге қатысты ҚР ҚК 191 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қарақшылық болған ауданда патрульдік қызмет күшейтілді дейді облыстың бас полиция мекемесі.
Қыдырбек Қиысхан