Құқық қорғау органдарының міндеттері талқыланды
Бүгін облыстық Ішкі істер департаментінде ведомствоның 2014 жылда атқарған жұмысын талқылау үшін кеңейтілген жедел кеңес болып өтті. Оған ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха, облыс әкімі Нұралы Садуақасов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Тілеген Мәткенов және ішкі істер органдарының күш құрылымдары қатысты.
-Өткен жылы өңірде 23 мың қылмыс тіркелді. Соңғы бес жыл ішінде қылмыс саны 8,4% азайды. Азаматтардан оқыс оқиғаларға қатысты 74 мың арыз-шағым түсті.
Әсіресе «құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік» шарасының арқасында бірқатар қылмыс түрлері азайғанын жеткізді.
– Ұсақ-түйек құқық бұзушылыққа назар аудармағанымыз – ауыр қылмысқа жол бергеніміз. Сондықтан, әр нәрсенің алдын ала білген абзал. Еліміздің тарихында бірінші рет төрт бірдей Кодекс өңделді. Қазіргі уақытта жаңа кодектердегі өзгерістерге байланысты жеке құрамды оқыту жұмыстарын бірінші орынға қою қажет. Еліміз бойынша тіркелген қылмыс саны төмендеді. Қостанай облысында да қылмыс өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай кеміген, -деді полковник В.И.Лепеха.
Комитет төрағасының айтуынша, «нөлдік төзімділік» шарасы қолға алынғалы бері кісі өлтіру, тонау, қоғамдық жерде арақ ішу фактілерінің көрсеткіші анағұрлым төмендеген.
Н.Садуақасов өз сөзінде полиция жұмысына баға бере отырып, олардың жұмысының нәтижесі азаматтардың өмір қауіпсіздігі болып табылатынын атап өтті.
Жедел кеңес барысында облыстық ІІД жетекшілері сөз алып, құқық қорғау жүйесін реформалау аясындағы Мемлекет басшысының айтқан тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы туралы өзара пікір алмасты.
Шұға Қоңқабай