Ауаға атылатын “ақшалар”
Қостанайлық ТЖД қызметкерлері пиротехникалық заттарды тексеруден өткізуге кірісті. Ең әуелі үлкенді-кішілі отшашулардың барлық қажетті құжаттары мен сатуға рұқсат беретін сертификаттары талап етілді. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуы бақыланды. Талап үдесінен шықпаған жайттар аз кездескен жоқ.
Тексерісшілер сатармандардың көбінесе фейерверктерді сақтауға арналған темір жәшіктерді, өрт сөндіргіштерді қолданбайтынын айтады. Мұндай бейжайлық (бетін ары қылсын) сатушыға да, тұтынушыға да опық жегізуі әбден мүмкін. Мұндай оқиғалардың өткен жаңа жыл кезінде облыс орталығында тіркелгенін айтады өрт сөндірушілер.
Мерекенің сәнін отшашумен ендіргісі келетін тұтынушыларға да ескерту бар: пиротехниканы сатып алмас бұрын, тауардың жарамдылық мерзіміне ерекше назар қою қажет; жел жылдамдығы секундына 5 метрді көрсетсе, қолданбаған абзал; үлкендердің қарауынсыз балалардың қолына бермеген жөн.
Өрт сөндірушілер тексеріс жұмыстарын 31 желтоқсанға дейін жалғастырады. Ереже бұзушылар ескертумен құтылмайды: жеке тұлғаларға 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, ал заңды тұлғалар бұл соманы екі есе етіп өтеуі мүмкін.