Халық жағдайының жақсаруы – басты назарда

Бүгінде облысымыздың өңірлерінде селолық округтер мен село әкімдерінің ауыл тұрғындарымен есептік кездесулері өткізілуде.
khaly-zhadajyny-20150123115006Аудан әкімі А.Ыбыраевтың қатысуымен Пресногорьков, Новопокров, Троебрат селолық округтерінде жұртшылықпен осындай кездесулер өтті.  Жұртшылық осындай іс-шараға ынтамен қатысып отыр. Олардың өткен жылдың қорытындыларына, ауылдардың болашақтағы даму үдерістері жайында білуге қызығушылықтары мол. Биыл өткізіліп жатқан кездесулер бұрынғыға қарағанда ерекше. Кездесу алдында "Нұр Отан" партиясы қоғамдық қабылдауында аудан әкімі А.Ыбыраев ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларды алаңдатқан мәселелерді анықтауға атсалысты. Ал, кездесу болатын мектеп дәліздерінде аудандық мемлекеттік мекемелер басшылары әр сала бойынша тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын білуге тырысты. Осының нәтижесінде енді ауыл тұрғындары үшін аудан орталығына барып шағымданудың қажеті жоқ. Кездесулерді бастамас бұрын аудан әкімі А.Ыбыраев Н.Назарбаевтың "Нұрлы жол –- болашаққа бастар жол" Жолдауында  жарияланған  жаңа экономикалық саясатқа көшу негіздеріне тоқталды. Село әкімдері – А.Жақсыбаев, М.Гербер, С.Құрманбаевтардың пікірлері бойынша, жергілікті жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси жағдайлары тұрақты болып келеді, бұл мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының дұрыс болуы және ұжымдардың күнделікті еңбектерінің жемісі.
2015 жылға қойылған мақсат пен міндеттер ауыл тұрғындарының әлеуметтік көркеюіне, ауылдардың дамуына мемлекет тарапынан көп назар аударылатынын айқындайды.  Өткен жылы Троебрат селосында медициналық амбулаторияның пайдаланылуға берілуі, дәл сондай нысанның құрылысы Пресногорьков селосында басталуы – мемлекет тарапынан жасалып келе жатқан қамқорлықтың тағы бір куәсі.
Сол секілді Троебрат селосында үстіміздегі жылы іске қосылуы жоспарланып отырған инвестициялық жоспарлар тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіншіліктерін асырады. Бұл туралы Абай Сәрсембайұлы өз сөзінде жұртшылыққа түсіндіре келе, тұрғындардың көтерген мәселелерінің бір де бірін назарынан тыс қалдырмады.
Новопокров селолық округінде болған кездесу нәтижелі болды. Мұнда осы елдімекеннің іргелі шаруашылығы болып есептелетін "Тойсай" ЖШС басшысы  Ұ.Ағайдаров  кездесу барысында бірнеше әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз көмегін ұсынды. Соның ішінде, Новопокров селосының тұрғындары медициналық көмек үшін аудан орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде қамтамасыз етілуіне жәрдемдесу мақсатымен, медициналық амбулатория негізінде күндізгі стационар ұйымдастыруға  қаржылай көмектесуді, мемлекеттік мекемелердің автокөліктерінің жылы ғимаратта тұруына, ауылдың көше бойында қосымша жарық  көздерін орнатуға қаржылай көмек көрсетуді өз тарапынан ұсынды.
Кездесу аясында округ тұрғындарының көбі жылқы, ірі қара мал ұстауларына байланысты мал шаруашылығын әрі қарай дамыту қажеттігі туралы айтылды. Көбінесе тұрғындарды су құбырларын өткізу, ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдардың қыс айларында қамтылуы, пошталық байланыстың жұмысы, Интернет байланысының сапасы мен жылдамдығы сияқты мәселелер алаңдатады. Бұған Абай Сәрсембайұлы аталмыш селолық округтарға су құбырларының тартылуы жақын арадағы үш жылдық жоспарларға енгізіліп, жобалау-қаржылау құжаттарының дайындалғаны туралы мәлімдеді. Жолдардың қыс айларында қамтамасыз етілуі – жылдан-жылға қаржыландыру қоры үнемі өсіп келеді. Ал, пошталық байланыс жұмысына келсек, аудан әкімі мекеме басшысына жұмыста анықталған кемшіліктерді жуық арада жою қажеттігі туралы нақты ұсынымдар жасады. 
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты істер – ауылдардың қарқынды дамуына көп ықпал жасап отыр. Абай Сәрсембайұлы аудан жұртшылығын "Сыбаға", "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020", "Бизнестің жол картасы", т.б., бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырды. Бағдарламалар шағын және орта бизнестің дамуына, жұмыс орындарының ашылуына, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылықтарының дамуына үлкен мүмкіншілік беретіндігін жеткізді.   Аудан әкімі тарапынан айтылған сөздер кездесуге қатысушылардың көңілінен шықты.
Рсалды ШАКАНОВА.
Ұзынкөл ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓