Қара шаңырақтан қанаттанған Қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейфолла Шайынғазы туралы сөз
Өмірдерек
Сейфолла Шайынғазы 1955 жылы 3 ақпанда Қостанай облысының Науырзым ауданында туған. 1972 жылы "Кустанайский комсомолец" кеңшарындағы Мереке орта мектебін бітірген соң Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Одан кейін, яғни 1975-1978 жылдары жоғарыда аталған кеңшарда механизатор болды. Кеңшарда еңбек ете жүріп, аудандық комсомол комитетінің, кеңшар дирекциясы мен парткомының мақтау грамоталарымен бірнеше мәрте наградталды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, цехтық комсомол ұйымының хатшысы болды. Аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтыстарына қатысты. Ал 1978 жылдан 1985 жылға дейін Мереке орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.
1979 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1985 жылы аяқтап шықты. Осы 1985 жылдан 1990 жылға дейін Қостанай облыстық "Коммунизм таңы" газетінде тілші, аға тілші болып еңбек етті.
1990 жылдың қыркүйегінде Торғай облысына қоныс аударып, облыстық "Торғай таңы" газетіне бөлім меңгерушісі болып орналасты. Ал, 1993 жылы Торғай облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары болды. 1995 жылы облыс әкімінің аппаратына жұмысқа ауысып, сектор меңгерушісі, облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып кызмет атқарды.
1996 жылы республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болып жұмысқа тұрды. Кейін редакция Алматыдан Астанаға қоныс аударған соң редакцияда шолушы, бөлім меңгерушісі болып қызметтер істеді. Бүгінде осы газетте бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Журналист болып еңбек ете жүріп, жұмыс бабымен бірқатар шетелдерде, соның ішінде Қытайда, Египетте, Англияда, Германияда, Америкада, Бельгияда болды.
Бірнеше кітаптардың авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1.Өнерлі өрге жүзер
Иә, бүгіндер бүтіндей ен-байтақ Қазақ еліне мәшһүр журналист, ақын Сейфолла Шайынғазы өзінің шығармашылық жолын қазақ мәдениеті мен қоғамдық пікірінің қара шаңырақтарының бірі – облыстық «Қостанай таңы» газетінен бастап еді. Ол алғашқы күннен бастап, өзінің табиғи талантымен жарқырап көрінді. Қаламы жүйрік, алғыр да ізденімпаз журналист көкейтесті мәселелерді қыртысымен қопарып, талай-талай кесек материалдар жазды. Талай ақындар айтысына қатысып, қа-сиетті сахнадан заманның қордаланған түйткілдерін кестелі жырмен жалғанның жалпағына шығарды.
Иә, Сейфолла нағыз өнерпаз еді. Оның қолындағы домбыра күмбір қағатын, көмекейден ән, ауыздан маржан жыр төгілетін. Халқымыздың ғажайып өнері – айтыс ерекше бір биікке көтерілген сол бір тұста халық сүйіспеншілігіне бөленген жыр сұңқары да осы Сейфолла болды. Сөзі мен мақамы, әншілік, әртістік қабылеті үйлесім тауып, сахнада екі беті алаулап, өткір жанарынан нұр құйылып, зал толы халыққа шуақ шашып отырған арқалы ақынды көрудің өзі бір ғанибет болатын.
Сейфоллаға бұл тамаша өнер әкесі Байғоныстан дарыса керек. Бәкең бүтіндей облысқа белгілі тамаша талант еді. Қостанайдағы бүгінгі Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның бастауында тұрған бір шоғыр өнерпаздардың бірі де сол Бәкең еді…
Сейфоллаға күнделікті өмірде өзімен бірге қызметтес болған, қанаттас жүрген қыз-жігіттерге табан астында бірер шумақ әзіл өлең шығара салу түк емес-ті. Сондай өзіме қатысты зілсіз бір әзілі күні бүгінге дейін есімде. 1990 жылы облыстық партия комитетінің бюросы мені бүгінгі атқарып жүрген қызметім – облыстық газет бас редакторының бірінші орынбасарына бекітті. Соның алдында бір шығармашылық байқауда жүлдегер болғаным да бар еді.
Сондағы Сейфолла інімнің айтқаны:
«Қызмет өсті атпалап, бедел өсті,
Соның бәрі қат-қабат жедел өсті.
Дарыныңды сыйлайтын көп азамат,
«Осы Сәкең жазбай жүр неге?» – десті.
Шындық аты үңіліп шарайнаға,
Сынайықшы тура емес, жанай ғана.
Қаламұшты қалтадан алмай жүріп,
Бас жүлдені алдыңыз қалай ғана?
Бастық болып бірыңғай кетпегей-ді,
Оны білсе, оқырман өкпелейді.»
Сейфолланың осы «тура емес, жанай ғана» айтқан сын-пікірі бүкіл өміріме сабақ болып келеді. Әдетте редакция басшылығындағы адамдар жазу-сызуды өзгелерден талап еткенмен өздері көп жаза бермейді, оған уақыт та жоқ. Дегенмен өз басым, Сейфолла айтқандай, «оқырманды өкпелетпес үшін» анда-санда болса да өзімді толғандырған мәселелерге қалам тартуды міндет санап жүремін.
Бүгіндер еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» бас редактордың орынбасары болып істейтін Сейфолланың өзі де осы тәртіпті ұстанады. Оның жазған дүние-лері әрқашан оқырман көңілінен шығып жатады. Сондықтан да болар біздің қара шаңырақтан қанаттанған қаламгер Тәуел-сіз еліміздің «Құрмет» орденімен марапатталды, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген.
Сейфолла інім өзінің 2011 жылы шыққан «Ойтамызық» кітабына мынандай қолтаңба жазып, сыйлап еді: «Сәкеңе! Бірге қызмет істеген жылдардан ескерткіш болсын. Сейфолла, мамыр, 2011 ж. Астана.»
Енді оқырманға сол кітаптан екі-үш дәйексөз ұсынғалы отырмын. Теңіздің дәмін бір тамшысынан да білуге болатыны сияқты автордың білім-біліктілігі мен қарым-қасиетін осы үзінділерден де анық аңғарасың.
2. «Ойтамызық» кітабынан
«Біреулер-ді кінәлаудан немесе жамандаудан аулақпыз. Бірақ ел үшін ұйқысын бұ-зып, қазақ деген халықтың да дамыған елдердің жұр-тындай тоқшылықта өмір сүретін кезі келді ғой деп тынымсыз ең-бек етіп, маңдайлары терлеп жүрген азаматтар көзге көп түсе бермейді. Бұл – көпшіліктің пікірі. Неге екенін білмеймін, кешегі өзіміз іске алғысыз қылып тастаған кеңестік кезде басшылардың халық арасында айтарлықтай беделі бар болатын. Оның себебі ол замандағы билік тұтқасын ұстағандардың қолдарында қаржылары, басқа да мүмкіндіктері болып, халықтың мұң-мұқтажына белгілі бір дәрежеде қараса алғандығында да шығар. Бүгінгі басшылардың біздің сендерге береріміз жоқ, өздерің тірлік жасаңдар деп қарап тұратыны да шындық. Нарықтың осы бір қатыгез заңына біздің ағайындар үйрене алмай-ақ қойды. Содан да, шенеуніктер туралы әңгіме қозғала қалса, "жақсылығы жеке бастарынан артылмайтын соларды қойшы", – деп қолдарын бір-ақ сілтейді. Содан да қазіргі шақтың шенеуніктерін халық арасында беделді деп айта алмайсың. Қанша нарық дегенімізбен, егер талпынып көрсе, көпшіліктің қошеметіне бөлену де соншалық бір қиын міндет емес. Ол үшін, бар болғаны, адамдармен жылы сөйлесіп, өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, материалдық жағынан реті келмеген кезде, моральдық тұрғыда ақыл-кеңестерін беріп, шынайы жанашырлық танытса, халықта қатып қалған тас емес, жібір еді.»
* * *
«Адамдардың тағдырларына алаңдау міндетіне жата қоймайтын нарық заманында басшыларға үнемі «халық жағдайына қараса жүр» деп талап қою үшін де он ойланып, жүз толғануға тура келеді. Бірақ, бүгінгі өмір шындығын көре отырып шенеуніктерімізге төтесінен қояр бір сауал да бар. Ол – неліктен сендердің іс-әрекеттеріңнен мемлекетшілдік мінез бой көрсетпейді деген сауал. Қазақстан деген мемлекеттің болуының арқасында жоғары лауазымға қол жеткізіп, атақ-мансапқа кенеліп отырған адам ең алдымен сол мемлекетке адал қызмет етуі тиіс. Кейбір шенеуніктер айтып жүргендей, "қайдағы бір қазақтар үшін емес", бордақыда ұстағандай аузы-мұрындарын "майлап", өздерін асырап отырған мемлекет үшін тер төгулері керек олар. Осынау қарапайым қағида мемлекеттік қызметшілердің санасынан өзіне орын тапқан күні ғана олар атқарған істер қазіргідей көзалдаушылық сипатынан арылып, белгілі бір мақсаттарға жұмылған шынайы мәнге ие болмақ».
* * *
«Ол аз болса, кейбір ата-аналарымыздың өздері-ақ ұрпағын ішімдік пен темекіге үйретуге келгенде ешкімнен ақыл сұрай қоймайды. Сенбесеңіз, көшелерде сап түзеген іші-сырты бірдей жұпыны кішігірім дәмханаларға бас сұғыңыз. Тәй-тәй басуға жарап қалған баласын ертіп әкеліп, қасына отырғызып арақ пен сыраны алма-кезек сораптап отырған әкесымақтардың дәл үстінен түсесіз. Рас, баласының дастарқан мәзірі әзірге бөлектеу, бірақ, көзінің астымен «тәлімгеріне» қарап қойған жеткіншектің ертең мен де сен сияқты боламын деп ойламасына кім кепіл? «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», – дейді емес пе?».
3. Дос сөзі
Ақылбек Шаяхмет,
жазушы, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры.
Алпыстың ауылы алыс деп ойлауға болмайды екен. Күні кеше ғана бозбала болып жүрген Сейфолла да алпысқа келіп қалыпты. Мәселе, сол жетпейтіндей көрінген алыстағы ауылға қандай жүкпен келдің, қандай іс тындырдың дегенге тірелгенде, Сейфолланың атқарған жұмысы ауқымды, көтерген жүгі қомақты екеніне ешкім де таласа қоймас.
Сейфолламен ең алғаш танысқанымда ол домбыраға қосып қазақтың тамаша әндерін келістіріп айтып беріп еді. Кейінірек қоярда қоймай қолқалап жүріп, айтыс өнері енді ғана қанат жая бастаған тұста оны облыстық ақындар айтысына қатысуға шақырдым. Сегіз қырлы, бір сырлы жас жігіт қатар-құрбысының алды, ойын-тойдың сәні болды. Егер Сейфолла ХІХ ғасырда өмір сүрген болса, сөз жоқ, қазақтың белгілі сал-серісінің бірі болар еді деп ойлайтынмын. Жүлделі орын алып, биіктен көрінсе де, Сейфолла айтыстың соңына түспеді, ақындық таланты басым болса да, ақындықты да қумады, анда-санда көңілдегі көрікті ойларын қағазға түсіруді місе тұтып, барлық қайрат-күшін журналистикаға жұмсады.
Сейфолла Шайынғазы кезінде Қостанай, Торғай облыстық газеттерінде, Торғай облыстық телекомпаниясында жұмыс істеді. 1996 жылдан бері ел газеті – "Егемен Қазақстанда" еңбек етіп келеді. Оның "Ойтамызық" деп аталған кітабына "Е.Қ." газетінде әр жылдары жарық көрген мақалалары топтастырылған. Автор тәуел-сіздік туралы қалам тербесе де сөз бен істің арасындағы алшақтықтың болмауын қадағалайды, өткеннің бәріне өкініш білдірмей, дәстүріміздің озығы мен тозығы туралы айтып, кез келген азаматты өз жерінде өгей болудан сақтандырады, шаңырақтың шайқалмауы, жастардың болашаққа сенімділігі туралы ой толғайды. Қақпақылға түскен қазақ тілі, қазіргі бизнес, кәсіпкерлерді толғантатын көкейтесті мәселелер де журналист назарынан тыс қалмаған. Қаламгердің "Құнды сөз құнарлы ойдан шығады" деп аталған қазіргі қазақ баспасөзіне көзқарасы да өзіндік пайымдауларымен ерекшеленеді.
"Жолайырық" деп аталған жыр жинағындағы әдемі жолдар де тәнті етпей қоймайды. Ақын өлеңдерінде тәтті мұң, туған жерге деген ыстық сезім "мен мұндалап" тұрады.
Қаламгерге талантпен қатар адалдық та керек. Қазіргі екіжүзді заманда шындықты айту кез келген кісінің қолынан келе бермейді. Мен білетін Сейфолла тура жолдан тайған емес, көргенін айнытпай жазудан айныған емес.
Ол өзінің маған арнаған бір өлеңінде:
"Өмірдің көріп ертесін, кешін, талтүсін,
Өткерер жігіт тірліктің талай талқысын.
Егделікті емес, еңселі істерді өрнектеп,
Алдыңнан шықты асуы биік алпысың" – деп жазып еді. Сол биік асуға Сейфолла да аман-есен келгеніне қуаныштымын.
Сен егделікке еңсеңді түсірмей, еңкеймей келдің. Денсаулығың мықты, ғұмырың ұзақ болсын, бауырым!
Сәлім
МЕҢДІБАЙ