Тегін білімді де игере алмады
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, Арқалық қалалық сотының шешімімен оқуды жиі қалдырып, үлгірімі нашар болған бұрынғы студент С.-дан мемлекет қазынасына 500 мың теңгеден астам қаражат өндірілді.
Іс материалдары бойынша, Арқалық қалалық жұмыспен қамту орталығы азамат С.-дан жұмыспен қамту шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетуге кеткен 534 688 теңгені өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Себебі, 2011 жылы аз. С. “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы бойынша Қостанай қаласына оқуға жіберілген. Оқу мерзімінде ол жол ақысы, тұрғылықты жерінің құны және бағдарлама қатысушыларына қарастырылған басқа да ақшалай төлемдерді алып отырған. Келісім шарт бойынша ол “Қостанай автокөлік колледжінде” көлік жөндеу ұстасы мамандығы бойынша кәсіптік тәжірбиеден өтуге мүмкіндік алып қана қоймай, тәжірбиеден өткен соң жұмыспен де қамтылатын болған. Бірақ, азамат С. сабақты үнемі себепсіз қалдырғаны үшін және үлгірімінің нашарлығына байланысты білім беру мекемесінің бұйрығымен колледжден шығарылған.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Қарлығаш Оспанова