Ерлік ешқашан ұмытылмайды
"Нұр Отан" партиясы ҚОФ-ның "Көзқарас" пікірталас клубы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік жоспарды талқылады.
Аталмыш іс-шараға саяси пар-тиялар мен мемлекеттік органдар, ҮЕҰ-дың өкілдері қатысты. Кездесуде Жеңістің жетпіс жылдық мерекесінен бір де бір ардагер қалыс қалмауы керек деген ой айтылды. Осынау атаулы күнге жастар да үлес қосуы тиіс.
– Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы ассамблеясының жылы деп жариялады. Сондай-ақ ҚР Конституциясына жиырма жыл толады. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл. Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы тағы бар. Осы аталған даталар еліміздің әрбір азаматына жауапкершілік жүктейді, – деді "Көзқарас" пікірталас клубының жетекшісі Галина Тажмақина.
Кездесу барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов Жеңістің жетпіс жылдығына арналған "Әскери даңқ кітабы" естелік эстафетасы жобасы туралы айтып берді. Өткен жылы басталған жоба майдангерлерді насихаттауға арнал-ған. Оған облыстың барлық қалалары мен аудандары қатысуда.
Өңіріміздегі соғыс ардагерлеріне "Жас Отан" жастар қанатының мүшелері қолғанат болып жүр. Кіші буын өкілдері "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы аясында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, қариялардың шаруаларына қолғабыс етеді. Қостанай облыстық "Жас Отан" ЖҚ атқарушы хатшысы Ерлан Төлетаевтың айтуынша, бір топ ерікті жастар Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақстандықтарды әлеуметтік желілер арқылы насихаттауда.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин ҰОС-на қатысқан қостанайлықтар туралы мол ақпарат берді.
– Біздің облыстан 73,5 мың адам соғысқа қатысты. Соның 43 мыңы қайтып оралмады. Сондықтан, "Боздақтар" деген кітап шығарып, оған хабар-ошарсыз кеткен 40 500 майдангердің есімін кіргіздік. "Олар жеңіспен оралды" деген кітап он сегіз том болып басылды. Өңірде Отан үшін от кешкен азаматтарға арналған 296 ескерткіш бар, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Үкіұлы.
Қымбат
ДОСЖАНОВА