Еңбек ерлеріне ескерткіш тақта қойылады
Ұлы Октябрь Революциясының 30 жылдығын атап өтер тұста (1947 жылы) Кеңестер Одағы бойынша көптеген еңбек озаттарына Социалистік Еңбек Ері атағы берілгені белгілі. Олардың қатарында Аманкелді ауданы бойынша 14 адам Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұлар еңбекте ерен табысқа жеткен шопандар мен жылқышылар, ферма меңгерушілері, колхоз басқармаларының төрағалары болатын. Кейін 1976 жылы аудандық автотранспорт кәсіпорнының озат жүргізушісі Тарғынбек Тілеулинге де еңбектегі қол жеткізген жоғары көрсеткіштері үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, олардың қатары 15-ке жеткен еді. Алайда, осы уақытқа дейін оларға ескерткіш тақта қойылмай келген еді.
Жақында аудан әкімі Жансұлтан Таукеновтің бастамасымен ауданымыздан шыққан 15 Социалистік Еңбек Еріне үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін ескерткіш тақталар орнату белгіленді. Қазіргі таңда аудандық әкімдіктің алдындағы көрнекі жерге осы ескерткіш тақталарды қоюға байланысты жұмыстар басталып кетті. Тиісті мүсіншіге тапсырмалар берілді.
Хамитбек
МҰСАБАЕВ