Көшеде өткен кезбе өмір немесе қаңғыбастар қашан азаяды?
Әлемде қаншама тiршiлiк иесi болса, соншама тағдыр бар. Расында, сырттай қарағанға бiрдей көрiнгенмен, әр тiршiлiк иесiнiң тағдыры, өмірі әртүрлі. Бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды.
Тағдыр болғасын оның тартысқа толы болатыны ақиқат қой. Ал, тартыс болған жерде, бiреудiң жеңiлiп, келесi бiреудiң жеңiске жететiнi тағы бар.
Әңгiменiң ауанын бұлай бастауымызға бүгiнгi қоғамда арамызда жүрген адамдардың түрлi тағдырлары себеп болып отыр. Айналаңызға көз салсаңыз, бiреудiң жаз күнiндей жадырап жүргенiн, ендi бiреудiң жабырқап бара жатқанын байқайсыз. Өмiр ғой, тағы бiреудiң бақыттан басы айналса, өзге бiреудiң бақытсыздықтан жаны ауырады. Қазақ айтқандай, "бiреу тойып секiрсе, бiреу тоңып секiредi". Десе де, еңсесi биiк, рухы жоғары адам қандай қиын жағдай болсын тауын жықпайды. Мұндайда өз-өзiне сенбейтiндерден, мәселе шешiмiн бөтелке түбiнен iздейтiндерден қорқу керек.
Бүгiнде "бомж" десе, бәрiмiз тіксіне қаламыз. Бойымызды қорқыныш билеп, жолда кезiксек, жанынан тезiрек өтiп кетуге асығамыз. Сөйлессе, жауап бермеймiз.
Дегенмен, "бомждар" ұсқынсыз болсын, кiрқожалақ, лас болсын, ауыздарынан арақ иісi құрғамасын – бәрiбiр оларды "бомж" деп атауымыздың, шеттетiп бөлектеуiмiздiң өзi ұят. Өйткенi, олар да ет пен сүйектен жаралған пенде. Қайсысы болсын, тағдырдың тәлкегiне шыдамай, басына түскен ауыртпалыққа қарсы тұра алмай, мойынсұнып кеткендер болу керек. Бұл "бомждарды" ақтағанымыз емес, өйткенi олар бұл өмiрге "бомж" болып келген жоқ. Сонда оларды осындай халге түсiрген кім?
Қазiргi таңда қалада үйсiз-күйсiз жүрген кезбелердiң саны әжептеуiр көп екенiн бiлемiз. Бiр ғана темiр жол вокзалының маңайынан олардың 20 шақтысын кезiктiруге болады. Әсiресе, вокзал алдындағы орындықтарда, бос алаңқайларда ұйықтайды. Күндiз көше бойында жүрiп, қайыр сұрап күн көредi. Осындайда жыр жүйрiгi Төлеген Айбергеновтiң күн-делiгiне жазған "Көшеде мас жатыр. Үстi-басы жан түршiгерлiк. Ай келбеттi ару дүниенiң ақ жүзiне нақақтан күйе жағып, қасиеттi Жердi ластаған қасиетсiз де масқара өмiр көшеде жатыр…" деген тiркесi сананы саялайды…
Жақында темір жол вокзалының алдындағы дүкендердің бірінен шығып келе жатып, қаз-қатар тiзiлiп отырған үш кезбенi көрiп, терең ойға қалдым. Бұрындары да көретiнмiн, бiрақ осы жолы олар менi ойландырып тастады. Үшеуi де қазақ екен. Бiрi тон киiп алса, жанындағы екеуi – жұқа киімде. Суреттеп не керек, үстi-бастары кiр-қожалақ, адам көргiсiз едi.
Осы тақырыпты тереңiрек зерттеу барысында Нұрмұхамед Мамырбековтiң "Мен қалай БОМЖ болдым…" деген мақаласын ғаламтордан тауып оқыдым. Сондағы менi қинағаны "…Арамызда екi орыс бар. Қалғандары – қазақтар" деген бiр ғана сөйлем болды. Кезбелердiң көше кезiп, далаға қонып, қоқыс арасынан тамақ тауып жейтiндерi онсыз да бәрiмiзге белгiлi жағдай. Бiрақ солардың көбiсiнiң қазақтар екендігi жаныңды жабырқатады. Бұларға мүжiлiп кететiндей соншалықты не көрiндi екен?..
Елiмiзде жалпы халықтың саны қазiргi таңда 17 млн. болып тұр. Оның 63 пайызға жуығын қазақтар құрайды екен. Бүгiнде 1 ұлға 5-6 қыздан келетiн жағдайымыз тағы бар. Осы қырынан келгенде, ер азаматтарымыздың көше кезiп жүретiндей ретi бар ма? Бiле бiлсек, олардың әрқайсысы бiр-бiр үйдiң отын тұтатып, түтiнiн түтетiп отыруы керек емес пе? Расында, бұрындары азаматтарымыз ат үстiнде жүрiп, елдiң қамын жеп, жұртының аманатын арқалаған. Ал, қазiр ше? Ел қамын, жұрттың жағдайын айтпағанда, бiр отбасының жағдайын жасаудың орнына, көше кезiп жүргендерi мынау.
"Бомждарды", негiзiнен, сауатсыз, надан деуге болмайды. Олардың iшiнде ақылдылары да бар, естерi де дұрыс. Бiр күнi бiр кезбе: "Бауырым, нанға ақша бершi?" деп, менiң соңымнан iлестi. Бiразға дейiн қалмады. Сосын мен қалтамнан алып, 50 теңге бердiм. Содан кейiн ол: "Қай жерде жұмыс iстейсiз?" деп әңгiме бастады. Кезбе жiгiттiң аты – Алмас. Ал, оның жанындағы достарының есiмдерi Самат, Асқар екен. Алмастың айтуынша, ол өзi – бұрын тәртіп сақшысы болған, ал Самат – сәулетшi, тек Асқар ғана оқымапты. Екеуi де бiр кездерi жоғары қызмет iстеген, кейiнiректе қысқарту кезiнде жұмыстарынан айрылып қалыпты. Отбасылары да бар көрiндi. Саматтың сөзiне сенсек, әйелi мен 2 қызын асырай алмағасын, әйелiнiң тапқан асын бөлiсiп жеуге ұялып, үйiнен 2010 жылдың басында кетiп қалған. Алғашында, үйiне қайтқысы келгенімен, кейiн көше өмiрiне үйренiп кеткен көрiнедi. Ол бәрi-не өзiн емес, жұмыссыздықты кiнәлайды. Елiмiздiң жағдайы күн сайын жақсарып, алға басып келе жатқанымен, жұмыссыздық жайы қазiр де жоқ емес. Соңғы есеп бойынша жұмыссыздар саны 5 пайызды құрайды. Жарастың айтқан әңгiмесiне, себебiне қарап, 5 пайыздың әр пайызынан қорқу керек пе деп ойлайсыз…
Қыс мезгiлiнде де қоқыс жанында үсiп кеткен кезбелердi тиiстi орындардың алып кетiп жатқанын көргенбiз. Әрине, көше өмiрiнiң соңы осылай болары белгiлi ғой. Бiрақ, өзге кезбелер осындай қатыгез өлiмдi көрсе де еш ойланбайды. Бiрде теледидардан "Қасымызда үйiнен кеткенiне 20 шақты жыл болған қариямыз бар. Ол қазiр өз балаларын танымайды" деп сөйлеген кезбені көрсеттi. Мүмкiн, сол қария бүгiнде өз балаларын танымай, солардың қолынан қайыр-садақа алып, солардан қалған қалдықты қаужап жүрген шығар, кiм бiлсiн. Мүмкiн, "іні-қарындас" деп кезбелердiң өздерi тиiсетiн ары-берi өтiп жүрген бозбалалар мен қызғалдақ қыздар солардың бiрiнiң қызы, не ұлы, бiрiнiң қарындасы болар.
Бiр жағынан алғанда, оларды мүсiркеуге де болмайды, көшеде көрiнген жерде аунап жататыны, одан қалса қайыр сұрап, тапқан-таянған ақшаларына iшiмдiк алып жүргендерi болмаса, олардың қалыпты адамнан еш кемiстiгi жоқ. Аяқ-қолдары сау, көз-құлағы орнында, сөйлейтiн сөзiн бiледi. Тек тiлден жаңылдырып отырған – арақ. Әйтпесе, қолдарына кетпен берсеңiз, маңдай терi тамшылап, гектар-гектар жердi әп-сәтте аударып салуға шамалары жетедi. Тарихқа үңiлсек, бұрынырақта кең жауырынды, бiлек күшi бар ерлерiмiз сөйткен емес пе? Иә, бүгiнде жаманды жаман демей, әл берiп, демейтiн қамқоршылардың саусақпен санарлықтай екенi рас. Елiмiзде үйсiздердi паналататын орталықтар да санаулы және "бомждықпен" күресу жұмысы дұрыс жолға қойылмаған.
Мысалы, Бельгияда "бомждықпен" күресетiн орталықтар жұмыс iстейдi және онда жыл сайын "Бомждар ханшайымы" атты конкурс өткiзiлiп тұрады. Түрлi тағдырмен көшеде қалған панасыз әйелдер арасындағы бұл сайыстың мақсаты – қоғам назарын қаңғыбас әйелдерге қарай бұру. Сол арқылы қоғамдық iндетпен күресуге көпшiлiктi шақыру. Ал, сайыстың қорытындысы бойынша жеңiмпаз болған әйел 1 жыл бойы баспанамен қамтамасыз етiледi. Қалған қатысушылар iшiмдiктен тегiн емделуге, жылына 2 рет тегiн ем қабылдауға мүмкiндiк алады. Бiрнеше жыл қатарынан өткiзiлiп келе жатқан сайыстың арқасында "бомж" аталып жүрген бес жүзге жуық әйел бүгiнде қалыпты өмiрге оралған. Оның үстiне, бұндай әрекеттiң өзi кезбелерге деген қоғамның жанашырлығын танытады.
Осы орайда бiзге де аздап ойланудың орайы бар сияқты. Өйткенi, кезбелiк күн санап өспесе, кемiп жатқан жоқ.