Зират көтеру парыз ба, әлде…
Бәдізші – тастан бұйым жасап, өрнек салатын адамдар "бәдізші" деп аталған. Бәдізшілер көбінесе құлпытас қашап, диірмен жасау, тастан белгі орнату сияқты жұ-мыстармен айналысқан.
Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғанын байқаймыз. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздарының қабіріне ғана еңселі ғимарат орнатқан аталарымыз ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын сән-салтанатсыз қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған. Көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылған…
Басқа түссе баспақшыл деген. Пенде болған соң не нәрсеге болса да мойынсұнады екенсің. Осындай басқа түскен қиындықпен жүріп осы тақырыпты да зерделеуге бел байладық. Дәлірек айтсақ, оған өмірдің өзі әкелді…
Қазақта "Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген нақыл бар. Дәл тауып айтылған. Қазіргі кезде мұсылмандар арасында өлген адамды жөнелтудің исламдық жол-жоралғысы да әрқалай болып барады. Тіпті, өлік жөнелту өз алдына, мазар салып, көктас қою да үл-кен бәсекеге айналып бара жатқандай. Соңғы кездері елімізде о дүние-лік болған адамға хан сарайындай зәулім зираттар мен мазарлар салу, мейлінше әшекейленген қоршаулар мен көктас орнату аз болғандай, тіпті жанына досының не туған-туыстарының атынан екі-үштен ескерткіш тақта орнату, суретін салу былай тұрсын, тіпті мүсінін де қойып қою бақталастыққа айналып бара жатқан тәрізді. Мазарлардың архитектуралық келбетін тым әсірелеуден, таудай көктас қоюдан қалталыларды айтпағанда, қарапайым халық та қалыс қалар емес. "Заманың түлкі болса, тазы боп шал" демекші, көктас жасаушылар да мұны қазір қып-қызыл бизнес көзіне айналдырған ба дерсің?
Бәдізшілік те бизнеске айналды
Бүгінгі нарықта көктастың да түр-түрі бар екенін кім білген. Қалтаңа қарай, қалауыңа сай тапсырыс та бере аласың. Қазір көктас жасайтын фирмалар да көп. Бірнешеуін аралап, олардың бизнестері жайлы білмек болып сөзге де тартып едік, бірақ ешқайсысы жақ ашқылары жоқ. Ол түсінікті де, қандай кәсіпкер бизнесінің сырын басқа біреуге айтар дейсіз. Дегенмен, көзбен көріп, көңілге түйгеніміз, Құдай бетін аулақ қылсын, өлік жөнелту өз алдына, зират көтеріп, көктас қоюдың өзі қалтаға сондай салмақ түсірері сөзсіз. Біз барған фирмада қаз-қатар тізілген көк-тастың түр-түрі бар екен, қара граниттен бе, әлде ақ мрамордан керек пе, әйтеуір оны жасаушылар да тапсырысыңа сай дайындап беруге әзір. Есімдері қашап жазылғандары да тізіліп тұр. Көктастың бағалары да сан түрлі, 35 мыңнан жоғары. Кірпіш пен қоршау темірлерін есептемегенде, күмбезге бекітілетін айдың да сапасына қарай түрлері бар екен, мәселен бір айдың құны 10 мың теңге. Бірақ, бізге қызмет көрсетіп жүрген жігіт қазір көктас жасаудың бұрынғыдай қашап жазу арқылы әбігерге түсірмейтіндігін, компьютерлік технология арқылы-ақ бар істі тындыруға мүмкіндік туғанын айтады. Осылай көктас жасаудың оңай жолын тауып, оны кәсіпке айналдырғандар арасында бүгінде бәсеке мен бақталастық та көбейген. Ал, қара тасқа жабысып, қолмен қашап тұрып жасайтындардың қарасы бүгінде некен-саяқ. Сондықтан, компьютер арқылы көктас жасауды бизнеске айналдырып алғандардың өзі қара жамылып отырған шаңыраққа же-ңілдік жасап, жаны аши қоюы да екі талай. Сондай-ақ, қазір мазар салушылар да өз қызметтерінің неше түрін ұсынатын болыпты. Мұндай қызмет түрлерін газет беттерінде берілген хабарландырулар арқылы да оңай табуға болады. Той-домалақ қалып, енді өлім-жітімді де бақталастыққа айналдыру заманның бір көрінісі десе болатындай. Көнекөз қарияларымыз да ертеректе мұндай бәсекенің болмағандығын айтады.
– Бала кезімізде жоқшылықты, ашаршылықты көп көрдік. Әр заманның өз көрінісі бар. Бала болсақ та әлі есімде, ол заманда ағаш та болмайтын. Қа-бірді ағаш болмаған соң, қа-мыспен жабатын. Кейін ол опырылып ортасына түсіп жататын. Тек аруақты кісілерге ғана зәулім зираттар салатын. Ол жерге жолаушылар арнайы келіп, түнеп, тілек тілейтін. Ал, қазір бәрі өзгеріп барады. Той түгілі, өлім-жітімді де бәсекеге айналдырып алдық. Қажет емес дүниелерге мал шашып, дарақылыққа, ысырапшылдыққа салынатындар көбейді. Ең бастысы, құлпытас қойып, басына келіп, аруаққа құран бағыштап отырса жеткілікті деп ойлаймын, – дейді көпті көрген қария Қасымхан Алдабергенов.
Зират көтерудің қиындығы туралы бізге жақында ға-на анасына там тұрғызған Бекзат Әбділдиннен сұрап білген едік:
– Былтыр жазда ойда-жоқта анамыздан айырылып қалдық. Әрине, басқа түскен қайғыны көтеру оңай емес, бірақ Алланың ісіне амал бар ма? Үйдің кенжесі болғандықтан, бар ауыртпалықты кө-теруге тура келді. Бауырларыммен, туыстармен ақылдасып, анамыздың зиратын қырқына дейін көтеретін болып, қажет дүниелерді алуға қалаға келдік. Нені болса да басқа түскенде көреді екенсің. Ең бірінші көктасқа тапсырыс беру керек болған соң, қаладағы барлық ритуалды қызмет көрсету орталықтарын аралап шықтық. Көктас жасайтын арнайы фирмалардың саны да жетіп артылады екен. Бір таң қалғаным, осындай қызмет көрсететіндердің арасынан бір қазақты көрмедік қой. Қазір бұрынғыдай тасқа қашап емес, арнайы компьютерлік технологиямен іске асады. Көлемі мен тастардың сапасына қарай бағалары да әртүрлі, 30 мыңнан басталады. Барлығы да Қытайда жасалынған дүниелер. Мазар салатындардың да бағасы күйіп тұр. Содан "Шанс" газеті арқылы кірпіш қалаушыларды тауып алдым, бір кірпішті қалау 120 теңге екен. Айлардың бағасы да сапасына қарай әртүрлі. Мәселен, бір айдың орташа бағасы 2,5 мың теңгеден басталады. Сонда есептей беріңіз, кірпішпен қоса есептегенде, орташа зират салып шығу үшін 500 мың теңгедей қаржы кетеді.
Алла тағала ысырапшылдыққа жол бергенді сүймейді
Қабір – бұл дүниеден өткен марқұмдардың уақытша мекені. Ал, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның аты-жөні, туылған, дүниеден өткен жылы, руы жазылса жеткілікті. Дін өкілдері де зәулім-зәулім зират көтеріп, не болмаса көктастың сыртында, екі-үштен ескерткіш тақта орнату сияқты дүниелердің өлікке ешқандай пайдасы жоқ дейді. Облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек те пайдасыз жұмыс жасау мұсылман қауымы үшін харам, ал зират көтеру, өлік жөнелту үшін қыруар қаржы шашу да ысырапшылдық екендігін айтады.
– Бүгінгі таңда жаназа тәрізді, зират басына көктас қою да үлкен мәселеге айналды, тіпті адамдар мұны да қазір үлкен бәсекеге айналдырып алған тәрізді. Зәулім сарайдай зираттарды тұрғызу өз алдына, қазір көктаспен қатар, бірнеше ескерткіш тақталар қою да сәнге айналып бара жатқандай. Пәлен мың теңгеге әйдік көктастарды тіпті кранмен әкеліп қоятындарды да көзіміз көріп жүр. Қалталылардан қалмай, қазір қарапайым жұрт та несие алып, не болмаса пайызға ақша алып, осындай қымбат көктастар қойып жатыр. Алла тағала қиямет күнінде "кімнің басындағы көктасы әдемі, олар жәннатқа кіреді, көктасы нашар адамдар тозаққа барады" деп сұрамайды. Сондықтан, зираттарды ескерткішке айналдырып, не болмаса бірнеше көктас қойып, сол арқылы өзінің марқұм бол-ған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да пайдасы жоқ. Бұл енді асқан ысырапшылдық. Ақиқатында, Алла тағала да ысырапшылдыққа жол бергенді сүймейді. Қайта, осындай мазар құрылыстарына жұмсалған қаржыны кембағал, міскін адамдарға көмек беру, жетім-жесірлерге, мүгедектерге жәрдем беру сияқты қайырымды шараларға жұмсаса, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді.
P.S. Иә, бір-бірін бақталас санаған мына заманда ешкім ешкімнен қалғысы келмейді, "пәленшенің басында пәлен метрлік ескерткiш тұр, бiзде неге ондай жоқ?", "олардың атасы батыр болса, бiздiкi не?.." дегендер барын салып, мазар көтеріп, соңғы тиынына дейiн жұмсап, ескерткiш тұрғызып жатыр. Мәселен, қала ішіндегілерді айтпағанның өзінде, жол бойындағы күмбездi, төрт құлақты, сегiз қырлы, кiрпiштi, бетонды, әйтеуір саңсыған мазарлардың архитектуралық келбеттері көз қарықтырады. Соның ішінде ең еңселi, ең көлемдiлері соңғы бес-он жылда бой көтергендер. Ал алдағы бес жылда, тіпті бір-екі жылдың ішінде не болмақ?!
ҮШ ҚЫЗ.