“Соңғы қоңырау – 2015”

IMG_8178Міне, осындай атпен Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының күндізгі оқыту факультеті 4 курс тыңдаушыларының салтанаты болып өтті. Салтанатқа  академияның басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, оқу орнының ардагерлері, қонақтар мен ата-аналар қатысты.
– Биылғы  оқу жылында  жүз отыз екі тыңдаушы бітіреді, оның ішінде ұлты тәжік тоғыз тыңдаушы бар. Тыңдаушыларымыз "Құқық қорғау қызметі" және "Педагогика және психология" мамандықтары бойынша білім алды. Енді олар Қазақстан Республикасы Ішкі істер органының офицері, елінің адал қызметкері болып, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға қадамдарын басып отыр, – деді бізге оқу орнының  баспасөз хатшысы Орынбасар Уақпаева.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Әнұранының орындалуымен  басталды.  Содан кейін салтанат-қа жиналғандарды, бітіруші тыңдаушыларды Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ербол Қаппасов құттықтай келе, "Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, сіздердің сапалы білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін мемлекетімізде барынша жағдай жасап отыр.
Академия іргесінде алған білімдеріңізді Отанымыздың күш-қуатын арттыратын қызметкері болуларыңызға, өз мамандықтарыңыздың кәсіби маманы болуға, әр іске жауапкершілікпен қарайтындықтарыңызға сеніміміз мол",– деді өз  сөзінде.
 Содан кейін академия қабырғасында  төрт жыл бойы республикалық, облыстық және ведомстволық оқу орындарының арасында өткізілген ғылыми, спорттық шараларға қатысып жүлделі орын иеленген, оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, өздерінің жетістіктерімен танылып жүрген  бір топ түлектер оқу ордасының бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызыловтың бұйрығымен грамотамен, алғыс хаттармен және алғыстармен марапатталды. Солардың арасында  самбоны, еркін күресін, қоян-қолтық ұрысын, футболды дамытуға және насихаттауға белсенді қатысқан Олжас Базарбаев, Мухамад Джобиров, Азамат Азберген, Сұлтан Бекжан, Дулат Калменов, Азамат Ахтанов, Рүстем Тұрғұнов, Ақбар Пояндаев, Абай Жамгиров және Эльдар Мубараков  сынды  түлектер   бар.
Іс-шара барысында түлектерді ардагерлер кеңесінің ұжымынан отставкадағы полиция полковнигі Борис Болотских, отставкадағы полиция полковнигі Татьяна Зюбанова, курс бастығы полиция майоры Азамат Күсеубаев және күндізгі оқыту факультетінің аға оқытушы-әдіскері полиция подполковнигі Ирина Украинцева түлектерді құттықтап, оларға сәт-сапар тіледі.  Ал, курс бастығының орынбасары полиция аға лейтенанты Баймұрат Каленовтың жетекшілік етуімен карабинщиктер взводы өзінің жетік шеберлігінің арқасында бір адамдай автоматты қолданудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін, сондай-ақ, оқу орнының "Полицейская академия" атты  КВН командасы да өз өнерлерін көрермендерге тарту етті. Ата-аналар комитетінің төрайымы Мәншүк Жаукенова  түлектерді оқу орнын  аяқтаумен құттықтап, аналық жылы сөздерін арнады. Сол секілді оқу ордасының түлектері, үздік спорт шеберлері сахна алдында өз өнерлерін, билерін, өлеңдерін профессорлық-оқытушылар құрамына және ата-аналарға тарту етті. Салтанат соңында  академияның дәстүрі бойынша 4 курстың түлектері 3 курстың тыңдаушыларына салтанатты түрде ауыспалы қоңырауды табыс етіп, таңдаған мамандықтың кәсіби маман иесі болып, биік шыңдардан көріне берулеріне тілек білдірді. Содан кейін түлектер естелікке профессорлық-оқытушылар құрамымен, ата-аналарымен суретке түсті.
Гүлназым
    САҒИТОВА
Суретте: салтанаттан көрініс
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓