“НҰРЛЫ ЖОЛ” бағытымызға бастау болмақ” – дейді Барвинов ауылының әкімі Орал Жанбалтин

Барвин ауылының әкімі О.ЖанбалтинСарыкөл аудандық әкімдігінің жүргізген жылдық қорытындысында 13 округтің ішінде Барвинов ауылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша екінші тұғырға тұрақтады. Осы орайда округ әкімі Орал Жанбалтинмен сұхбаттасудың сәті түскен еді…
 
– Орал Қалабайұлы, өзіңіз жақсы білесіз, ең өзекті мәселе – әлеуметтің әлеуеті. Ауыл халқының хал-ахуалы қалай?
– Былтырғы жылдың қорытындысын алға тартар болсам, ауылдың ахуалы тұрақты деуге толық негіз бар. Жыл сайынғы жүргізіліп жатқан  жүйелі жұмыстар нәтижесі – Барвиновтың бағын жандырып, берекесін арттыруда. Бүгінде мұнда барлық елді мекендерді қосқанда, 1403 адам тұрады. Солардың 1306-сы ауыл орталығының тұрғындары. Бір қуантатыны, бізде былтыр бос жүргендер болған жоқ. 868 адам тұрақты түрде еңбек етсе, ал қалғаны қалтасына қолын салып, үйде құр отырмай, азын-аулақ болса да мал мен құс ұстап, ешкімге алақан жаймай өз күндерін өздері көруде.
– Ауылдың басты саласы – егін және мал шаруашылығы. Осылар туралы ой қозғасаңыз?
– Бүгінде ауылдың шаруашылығы алға басып келеді.  Жеті  шаруа қожалығы, бес жеке кәсіпкер бар. Диқандарымыз дәнді-дақылдарды уақытында егіп және оны жинап алуды дәстүрге айналдырған. Былтырғы жылы қиындыққа белшемізден батқанмен, гектарына 16 центнерден өнім алып, барлығы 51,120 тонна астық жинадық. Ал, мал шаруашылығының  да маңызын жақсы білетін шаруаларымыздың арқасында ауылда 673 ірі қара, 159 жылқы, 631 қой өсірілуде. Сондай-ақ, 973 шошқа және құстар да бар.   
– Мемлекеттік бағдарламалар барысы мен кәсіпкерлердің табысы қалай?
– Дәл қазір, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бағын сынағандар мейлінше болмағанымен, түптің түбінде бұл межеге жететініміз анық. Ауылдың кәсіпкерлері "Жұмыспен қамту жол картасы–2020" және "Сыбаға" сынды бағдарламалардың барысын бақылап, табысын табуда.  Соңғы жылда әлгі жобалар аясында 4 адам несие алып, мал басын ұлғайтып, шатқаяқтаған шаруаларының шарапатын көруде. Олардың бірі мал сою алаңын ашса, енді бірі ағаш өңдейтін цех, ал қалған екеуі жылқы шаруашылығын қолға алды. "Сыбағаның да" сыбағасын көріп жатқандар жоқ емес. Осы жылы Ю.М.Семянский "Сыбаға", "Алтын асық", "Құлан" бағдарламаларына қатысып, бағын сынап, бабын бақылап көрмек. Күні кеше оған қажет кепіл затын анықтап, құжаттарын да дайындауда. Ал, мал өсіріп, көл-көсір өнім көргісі келетін тағы төрт барвиндік жұмыспен қамту бөліміне барып, бағдарламаға қатысуға өз ниеттерін білдіріп, құжаттарын тапсырып қойды. Сондай-ақ, ауылдағы белді кәсіпкер Е.Акопян талай жылдан бері егін шаруашылығын шарықтатып отырса, өткен жылы шошқа шарушылығының да шылбырын ұстап, оның санын жеті мыңға жеткізді. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға арттыруды көздеп отыр. Барвиновтегі барлық салаға бір кісідей  қолдау көрсетіп келе жатқан "Аманжол АкРо" ЖШС де көп істі тындырып жатқандығын ауыз толтырып айтуға болады.
– Ауылдағы әлеуметтік нысандардың қайсысын айырықша атап өтер едіңіз?
– Ауылда әлеуметтің әлеуеті үшін әрекет етіп отырған нысандар баршылық. "Бірінші байлық – денсаулық", – дейді дана қазағымыз. Сондықтан, алдымен, ауылдық ФАП-ты да атамасқа болмайды. Білім саласы да бірінші кезекке қоярлық мәселе. Ауылдықтардың дені білім дариясын бойға сіңіруде зор септігін тигізіп тұрған ауыл мектебімен мақтанады. Халыққа тұрмысқа қажетті тауарларды қолжетімді бағамен қамтамасыз етіп тұрған 9 дүкен бар, соның 1-і әлеуметтік. Наубайхананы да нақты мысалға қосуға болады. Сондай-ақ, пошта мен кітапхананың да орны бір бөлек. Ал, алыстан "мен мұндалап" көз тартатын, рухани ошақ – мәдениет үйінің де халыққа берері мол.
Дені сау ұрпақты қалыптастыруда спортқа дендеп көңіл бөлудеміз. Соған сәйкес спорттың түр-түрінен секциялар жұмыс істеп тұр. Бұл орайда гір спортын ерекше атап өтуге болады. Қыста хоккей алаңдары да халыққа қызмет етеді. Аталғандардың бәрі ауыл ахуалына айтарлықтай септігін тигізіп тұр.
– Жалпы, ауылда шешілуі қиын деген қандай түйінді мәселелерді айтар едіңіз?
– Қазір көкейде жүрген бір мәселе – балабақша ашу. Ауылда балабақшаны қажет етіп отырған сексенге жуық бала бар. Міне, сол үшін бөбекжай салудың бір сәті түссе дейміз. Қысқасы, жоғары жақтан қаржылай қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осынау өзекті мәселе өз шешімін тапса, жанымыз жадырап та қалар еді…
– Сөз соңында Елбасымыздың биылғы Жолдауы жайында да өз ой-пікіріңізді білдіре кетсеңіз…
– Бүгінгі таңда Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жариялаған "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауы бағытында еңбек етуді қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта ауылда мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Яғни, елді мекеннің экономикасын еселей түсу біз үшін кезек күттірмес мәселе. Бар айтарым, Елбасымыздың жаңа экономикалық саясатын тек сөз жүзінде қолдап қана емес, іс жүзінде де өз үлесімізді қоссақ дейміз. Сондықтан, "Нұрлы жол" – бағытымызға бастау болмақ!
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Еселі еңбектеріңіз жеміске, төккен терлеріңіз жеңіске жеткізсін!
Руслан  
    ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓