Kinder сюрпризге жасырылған героин
Рудный қаласында есірткі бизнесіне қарсы күрес және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармаларының қызметкерлері мен «Арлан» арнайы жасағы бірлесіп жүргізген жедел алдын алу шаралары барысында 59 жастағы шаһар тұрғыны құрықталды.
Облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Әділбек Нұрмахинның мәлімдеуінше, жоғарыда аталған күдіктінің үйінің ауласындағы бау- бақшасын тексеру кезінде өсіп тұрған шие ағашының түбіне көмілген Kinder Surprise-дің пластмасса қорапшалары табылды. Оның ішіне ақшыл түсті төрт полимерге оралған зат салынған. Табылған ұнтаққа жүргізілген химиялық сараптамалар оның героин екенін анықтап берді. Қала тұрғынынан тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 20 грамды құрайды. Қазіргі таңда осынау ерекше оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 259-бабы , 2-1 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр.
Мешіт Ғазиз