Тәртіп сақшыларының бастамасы

Полицейлер Қостанай қаласындағы бір көшеге генерал Самат Бәкіровтің есімін беру туралы бастама көтерді. Облыстың ішкі істер департаменті басшылығы мен ардагерлер кеңесі қалалық әкімдікке осындай  ұсыныс түсірді.
Самат Бакиров с супругой ДамешҰлы Отан соғысының ардагері милиция генерал-майоры Самат Смағұлұлы Бәкіров ішкі істер органдарында 47 жыл еңбек етті. Оның есімі Ішкі істер министрлігі және біздің өлкеміздің тарихымен тығыз байланысты, Қостанайда ол 16 жылдан астам қызмет еткен болатын. Оның қызметке деген адалдығы, еңбек жолы кез келген полицей үшін үлгі-өнеге болары анық. Ол еңбек ардагері, ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ КСР еңбек сіңірген заңгері және Қостанай қаласының құрметті азаматы атанған абзал жан.
Самат Смағұлұлы 1925 жылдың 15 қыркүйегінде Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген.  1941 жылдың аяғында педучилищенің үшінші курс студенттерін селолық мектептерге жібереді, сөйтіп Самат мұғалім болып істейді. Алайда болашақ генералдың өмірін соғыс басқа арнаға бұрды.   Жасы 17-ге енді толған Самат әскери комиссариатқа күнде келіп, еріктілер қатарында майданға жіберуді сұрады. Батыл да қайсар бозбала дегеніне жетіп, 1942 жылы  майданға аттанды. Соғыс біткен соң ол милицияға қызметке кірді. Әртүрлі лауазымдарды атқарып, аянбай еңбек етті. 1974-1990 жылдар аралығында Қостанай облыстық ішкі істер басқармасын басқарды. Көпке сыйлы болып, абырой-атаққа бөленді.
Генерал Бәкіров 2005 жылы 79 жасында дүниеден озды. Оның өмірі тұтас бір дәуір. Генералдың есімін есте сақтау мақсатында Қостанайда тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.  «Сосновый бордағы» балалардың демалыс лагеріне  есімі берілді. Енді Қостанайдағы бір көшеге аты берілсе, бұл генералға деген ел құрметінің белгісі болар еді.
 
Мінаура Қабдырахметова

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓