Әріптестеріміздің араласуымен мәселе шешімін тапты
Соңғы кездері қала көшелері мен құрылыс маңайларынан қазылған шұңқырлар төтенше жағдайлар ошағына айналып отыр. Коммуналдық шаруашылық қызметтері де ол «қазаншұңқырларды» оқыс оқиғасыз бітемейтін әдет тауып алды.
Шұңқыр бітелуі үшін міндетті түрде адам өлімі тіркеліп, не шұңқырға көлік түсіп, оқыс оқиғалар тіркелуі шарт секілді. Тіпті қанша оқыс оқиға тіркелсе де, олардың кейбіреуі ешбір қоршаусыз, белгісіз, ашық күйінде жатыр. Редакциямызға шағым айта келген Қайырбеков пен Текстильщик көшесінің қиылысындағы Шоколад дәмханасымен жапсарлас орналасқан көп қабатты үйдің тұрғындары нақ осындай бір шұңқырдың кесірінен тіпті баспаналарына кіре алмай отырғандарын жеткізді.
Ол жерде «Қостанай су» мекемесінің қызметкерлері ешбір қоршаусыз жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын біздің әріптестеріміз суретке түсіріп алып, қозғау салған соң мәселе оң шешімін тапты.
Бүгін жұртшылықтың үрейін алған терең шұңқыр бітеліп, маңайы қоршалғанын өз көзімізбен көрдік.
Мешіт Ғазиз
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай