Көңілі даладай, қылығы баладай
Қаламдастар хақында әңгіме-дүкен құрғанда
"Мақтанбайтын бір адам бар еді"
Ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлына арналған салтанатты жиыннан кейін жоғары мәртебелі меймандар өздерінің құрметіне жайылған дастарханның төріне жайғасты. Сырекең-Сырбай Мәуленов пен Ғафекең-Ғафу Қайырбеков сағынышпен табысқан жерлестерінің алдында біраз желпінді. Әлден уақытта көркем сөздің майталманы Зейнолла Қабдолов та көсіле бастады.
Сонда манадан үнсіз отырған белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың "Ортамызда мақтанбайтын бір адам бар еді, одан да айырылдық, жолдастар" деп жұртты ду күлдіргені бар.
"Аса" сөзін қимағаның ба?"
Арқалыққа келген кезекті сапарында бала жастан досым, ақын Серік Тұрғынбекұлының үйімде қонып, Торғайдағы баяғы жастық шағымыздың қызықтарын тілімізге тиек етіп, аттың басын жіберіп-жіберіп алғанбыз.
Сөздің иінінде "Шүкір, мақтаулы ақындардың қатарына қосылып үлгердің. Енді көрнекті ақын десек те жарасады" деп қалғанмын.
Пікірімнің астарын іштей түсінген оның: – Шынымен, "аса" сөзін қимағаның ба?" деп әдемі әзілімен құптаған рай танытқанын айтсаңшы.
"Е, Құдай, шыдам бере көр"
Сол жолы Зейнолла Қабдолов Ғафу Қайырбековтың ақындық талантын ерекше шабытпен толғаған болатын.
Мына пікір қалай әсер етер екен деген ойлы көзбен замандастарының жүзіне ұрлана қарағанын сезіп, Ғафекеңнің "Е, Құдай, шыдам бере көр, шыдам бере көр" деп бір орнында желідегі құлындай тыпыршыған сәтін көрсең…
"Әй, Кеңшілік, қойсаңшы, қойсаңшы"
Ақшығанақтық Алтын Ахметжанованың мәлімдеуінше, мектептен шыққан бетте ақын Кеңшілік Мырзабеков қуып жетіп, оны өкшесінен қағуға ерінбеген.
Осы жайлы туысы ретінде ақын Серік Тұрғынбекұлына қаз-қалпында баяндап, сыныптасын тәртіпке шақыруды өтінген ғой.
Сөзге тоқтай қоятын Кеңшілік пе, тағы да қарындасының соңынан жүгіре жөнеледі. Ал қасындағы Серікте үн жоқ. Амалсыздан "Әй, Кеңшілік, қойсаңшы, қойсаңшы" дейді сабыр сақтап.
Жөппелдемеде ауызға сөз түсе ме, "Қойсаңшыңыз не? "Қой" деп неге бетін қайтармайсыз" деп балаша бұрқылдаған күйі Алтын жөніне кете барыпты.
Жақсылық Жүнісұлы.