Ағайынбыз бәріміз! (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Бүгін елдің әр түкпірінде Қазақстан халықының бірлігі күні думандатылып жатыр. Қостанай қаласының тұрғындары да мерекені өз деңгейінде атап өтті. Бірлігі мен берекесі біте қайнасқан дәнді өлкенің жұрты қаланың қақ ортасында ұйысты. Мейрамға арналып ұйымдастырылған, этномәдени ұйымдардың қатысуымен өткен мәдени-көпшілік шараларға, концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстарға куә болды.
Жиылған жұртты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келіп құттықтап, мызғымас бірлік қана бейбіт те баянды болашақтың кепілі болатынын айтты. – Тәуелсіздік алғаннан бері бұл күн барша Қазақстан халқының мызғымас достығы мен бірлігінің берік символына айналып, жаңа терең мазмұнмен толықты. (…) Баршаны бауырына басқан қазақ халқы үшін осы күннің алар орны ерекше. Бірлік пен бейбітшілікті қадір тұтқан тілегі, сол арқылы қол жеткізген табыстары әлемнің барлық елдеріне үлгі болып қала бермек. Еліміздің жасампаз жетістіктерін, ең алдымен, Елбасы Н.Ә. Назарбаев есімімен байланыстырамыз. Өйткені мемлекет басшысының сарабдал, кемеңгер саясаты арқасында ширек ғасыр ішінде Қазақстан әлемдік аренада лайықты орнын алды. Бүгінгідей мейрам күні біз бірлігімізді сөзбен ғана емес, нақтылы іспен көрсете аламыз. Үлкен бір шаңырақ астында топтасып, табысқа толы тарихымызды жасап жатырмыз, – деді облыс басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Тобыл өңірінде жүзден астам ұлт тату-тәтті ғұмыр кешуде. 18 этномәдени бірлестік ынтымақ алауын үрлеп отыр. Жүрекжарды жылы лебізінен соң өңір басшысы осынау бірлестіктердің жетекшілерін алғыс хаттармен марапаттады.
Одан әрі Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары, ізінше этномәдени бірлестік өкілдері әлеуметке ән-күйден шашу шашты. Көңілді концерттік бағдарлама "Достық пен бейбітшілік шаңырағының астында" деп аталыпты. Сондай-ақ, бұл маңайда көрер көзге қызық аз болған жоқ. "Шай – достық пен қонақжайлық нышаны", "Мәдениет үндестігі" атты ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрінен, мәдениетінен хабар беретін бай көрмелер мейрамның көркін келістірді.
Ал түскі сағат 12.00-ден бастап, тұрғындар арнайы алаңқайлардағы асық ату, тоғызқұмалақ, нарды, арқан тарту секілді ұлттық ойын түрлерін тамашалап қана қоймай, белсенді қатысты. Одан әрі "Бақытымыз – бірлікте", "Ұлт бірлігі – ұлы байлық" деген атаулармен айдарланған концерттік бағдарламалар жұрт назарын сахна төріне аудартты.
Мерекелік іс-шаралар тізбегінің мұнымен аяқталмағанын айта кеткен жөн. Кешкі бағдарлама сағат 18.00-де "Достық кубогы" атты КТК (Көңілді тапқырлар клубы) ойындарымен басталады. Шаралар "Бауырлас жүректер" атты концерттік бағдарламамен қорытындыланбақ. Оған облыс орталығының жас ұжымдары қатысады.
Ж.Балғынбекұлы.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.