Атпал азамат
Зуылдап келе жатқан жеңіл машинада отырған адамдардың ішіндегі ақ жаулықты ана өз-өзінен: "Бақытты болғыр-ай, ойдым-ойдым тас жолды теп-тегіс қылып жасаған, мың рахмет саған! Міне көзді ашып-жұмғанша Амантоғайға келіп қалдық", – деп кейуана батасын беріп, мәз болып келеді.

Аздап дем алғасын үйге кірдік. Мен кіре сала жан-жағыма қарадым, сол кезде әзілдеген жеңгем:
– "Болат-ау, қаладан келіп құман іздеп тұрсың ба? Әне, алдыңда тұр, қанша жуынсаң да өз еркің", – деді. Мен қалалықтай қолымды жылы сумен жуып жатып, "көсегең көгерсін, Абай", – дедім ішімнен.
Абайдың еңбегі Торғай төсіне ерекше. Торғайдың оңтүстік, солтүстік, батыс, шығысында тіпті орталығында да Абай құрылысшыларының қолы тимеген, техникаларының жолы түспеген жері жоқ шығар. Жол бойы келе жатып Құмкешу кеңшарынан бастап Арқалыққа Абайдың еңбегі ерекше. Киімі жыртылған жетім балаға жаңа киім кигізгенде қалай қуанса, әр көп қабатты үйлер әсемденіп, жөнделген арайлы Арқалық масайрап, шаттана күледі.
"Алюминқұрылыс" ЖШС бас директоры Абай Құспанұлы Мұқановтың жетекшілік жасағанына да көп жылдың жүзі болды. Балаң жаста мастер, прораб, инженерліктен бас директорлыққа көтерілуі өмір жолының өсуі деп білеміз. Абай істеген істері мен жасап жатқан еңбектері Торғай өлкесі үшін көп. Көпсалалы кәсіпорынның "Бетон заводы", "техникалық базасы", "Есік, терезе жасайтын цех" т.б. еңбектері ерекше.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына да, "Ақбұлақ" бағдарламасына да" ерекше еңбегімен жауап берген бірдің бірі Абай Құспанұлы. "Мақтауға оны қақым бар, қызғанбаңдар ақындар", – деп Сырбай Мәуленов айтпақшы, жақсының жақсылығын паш ету ол әр адамның парызы.
Болат Молдашұлы.
Арқалық қаласы.