Аймағамбет молла
Біз былтырғы жылдан бері қалың оқырманның сұрау-сауалдарына орай Қостанай өңірінен шыққан дін қайраткері, кезінде есімі ел ішінде танымал болған, кеңес заманында қуғын-сүргін көрген молда Аймағамбет Спанұлы хақында біршама дерек-естеліктерді жарияладық. Содан бері редакция поштасына ауық-ауық хат-хабар түсіп, газет оқырмандары телефон арқылы да хабарласып тұрады.
Осы орайда ұзақ жылдар Қостанай ақ мешітінің имамы болған әрі әдебиетші, марқұм Ертай қажы Балахметтің 2011 жылы шыққан "Үш алаш" кітабынан дін қайраткері туралы және осы кітаптағы Аймағамбет Спанұлының қойын дәптерінен алынған материалдарын ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
(Редакциядан)
Аймағамбет молла мейлінше ақ-көңіл, елгезек, шаһарда тұрса да есігінен кісі арылмаған, адам жатырқамайтын бауырмал адам еді. Торғай-Қостанай өңірінде ол араласпаған, ол құшағын ашпаған дін қайраткері жоқ десе де болады, ел аумағында қандай оқымысты қожа-молла болса соларды өзі іздеп барып танысатын, достасатын, туысындай араласып, жік-жапар сыйласатын. Сол дәуірдің даңқты, дін қайраткері Садуақас хазрет Ғилмани, Шәкір қари Хиялитдинов, Қамал Башари, Әлмұхаммед молла, Сабыр молла, Ғалым моллалармен үнемі пікірлес, қадірлес, сырлас болып араласқан.
Олар да Аймағамбет молланы қатты құрметтеп діни пәтуа-қарарларын жіберіп, Қостанай ауқымындағы өкілі ретінде әркез санасып отырған.
Аймағамбет молла Науырзымға жиі келетін. Сүгір елімен, оның ішінде Пішан аталығымен жақсы қарым-қатынаста болды. Науырзым жұрты Айекеңді айрықша құрметтейтін, 1982 жылы 11-қазан күні нағашы атам Бекентай пірадар қайтыс болып, маңайдағы елден қарияларды намазға жинап жүргендердің Қарамайшыға жіберілген өкілі – Есімұлы Шәріптен "Ақ-тастың ағасы қайтыс болды, соған қа-рияларды намазға шақыра келдім" дегенін естіп, осы ауылда мейман болып жатқан Айекең де келеді. Ақтас көкем Айекеңнің келгеніне ерекше разы болып "Ағай Сізді өте жақсы көріп құрметтеуші еді, жаназасын өзіңіз шығарыңыз" деп Айекеңе ілтипат көрсетеді. Ақанның ұсынысын Шылту, Шәйкен, Мырзахмет қариялар құп көріп, намаз шығаруды Айекеңе ұйғарады.
1982 жылы Ескі Науырзымнан орта мектепті аяқтап, Көкшетау қаласындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың тіл-әдебиеті факультетіне құжат тапсырып, бағымды сынамақ үшін әкей марқұмның бастауымен жолға шықтым. Аудан орталығынан Қостанайға қатынайтын автобусты күткен халық ығы-жығы, көптігінен көз сүрінеді. Бір сәт жан-жағына алаңдай қарап тұрған ұзын бойлы, қарасұр өңді, шошқа сақалды, басына құндыз бөрік киген, ұзын бешпент шапанды, қолына таяқ ұстаған байыпты бір қарияға көзім түсті.
Қарияларды көрсем жұғыса кететін әдетім, сол қалпымен қарияға жедел басып барып "әссәләмуғәләйкум" сұрасып жатыр. Руымды айтып, ауылдағы әжелерім үйреткен әдетпен "Балахметтің баласымын" деп едім, қария іліп алып "Кәдімгі Шанышқылы Балахмет пе, Қожахмет, Балахмет, білгенде қандай жақсы адамның ұрпағы екенсің, өмірлі бол, шырағым" деп батасын үйіп-төгіп жатыр.
Сол мезет автобус та тоқтап, жұрт жапа тармағай көлікке ұмтылысты. "Шырағым, балам мына заттарды ішке кіргізісіп жібер" деп қария нұсқаған қақпағы жабулы екі тініке шелекті көтеріп мен де ішке кірдім. Шелектерді белгіленген орынға қойып билетіме қарасам, менің билеттегі саным тура қарияның жанындағы орыннан болып шықты. Автобус қозғалып, әбден жайғасып алғасын қария төс қалтасынан қойын кітапшасын шығарып, күбірлеп дұға оқуға кірісті. Жолай ұшырасқан қорымдарға да дұға оқудан жаңылмады. Оқылған дұғаға автобус толы жаннан мен ғана қол жаямын, өзгелер тымырайып отырудан танбады. Автобус қалаға жақындаған сәтте қария "Шырағым, мен – Аймағамбет деген атаң боламын. Тұрағым қалада, бүгін біздікінде еру бол" деді ықыластанып. Мен қалада түсетін туысымның барлығын айтып, рахметімді білдірдім. "Олай болса, жақсылық қылсаң бүтін қыл деген, шырағым. Мынау ауылдан алып келе жатқан шыртылдақ" еді. Балалар қарсы алуға тиіс, соған дейін жеткізіп бересің" – деді қария. Мен құп алып қарияның заттарын қарсы ала келген балаң жігітке ұстатып жөнеле бергенімде "Шырағым, үлкен жолға, оқуға бара жатыр екенсің, қане қолыңды жай, батамды берейін" – деп ақпейіл қарт ағынан жарыла батасын берді. Сөйтіп, Ұлы Жаратушы үлкен жолдың үстінде Айекеңдей киелі қартқа жолықтырып, Айекеңдей абыздың батасымен сол жылы оқуға түсіп, мерейім тасып ауылға оралдым. Қазіргі күні шыққан биігім, алған асуым болса, осының бәрі Жаратушы Ұлы Алла Тағаланың қолдауымен, жасыманан үйір болған Айекеңдей әулие қарттарымның шарапатты, балдай тәтті фатихаларының себесіні, солардың ықыласты пейілі деп қабылдаймын. Баршасының рухы шат, алды – бейіш, арты – кеніш болғай!
Сөз басында, жаңа да айтып кеткен Айекеңнің үнемі жан қалтасынан тастамай әркез алып жүретін бірнеше дәптерлерден ықшамдалып түптелген қоңырқай кітапша қазір менің қолымда. Құдіреті күшті Алла Тағала жолай Айекеңнің қолынан көрген кітапшаны шып-шырғасын шығармай маған нәсіп етті. Бұл кітапша Айекең қайтыс болғаннан кейін, қарияның қадірлескен дін-қарындасы, рухани мұраттасы марқұм Кәмәнтай молла Дәулеткелдіұлына өт-кен. Кәментай молла дүние салғанда бұл кітап Алтынсарин аудандық мешітінде (бұл күндері Қарабалуан Жанұзақ Ал-диярұлы нәмінде) қала берген. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Мәуліт мерекесіне барғанымда мешіттің сол кездердегі имамы Мәһди қажы Мәжитұлы маған табыс етті. Көзіме оттай басылды, осыдан жиырма шақты жыл бұрын Айекеңді ғазиздің қолынан көрген қоңыр кітапша, қуанғанымнан кітапшаны алып көкірегіме қыса беріппін.
Айекеңнің қойын кітапшасы үш парадан (бөлімнен) тұрады. Бірінші бө-лімінде Айекеңнің күнделікті оқитын аят, дұға, салауат, зікір, тасбихат дұғалары, екінші бөлімінде Қарпық, Досбол, Сарышуаш, Сейітжан, Асаубай, Кердері Әбубәкір, Әлмұхаммед молланың ғибратты сөз үлгілері мен Торғай-Тобыл бойының танымал тұлғаларының қысқаша қайырым ұлағаттары топтастырылған.
Көбекке әкесі Таңбайдың берген батасы
Есігің ойран болсын,
Төрің талқан болсын.
Дастарқаның жиылмасын,
Есігің жабылмасын.
Дұшпаның бұға берсің,
Атағың аспанды жарып шыға берсін!
Жаяуға ат бол,
Жалаңашқа киім бол.
Ашқа азық бол,
Халқыңа қазық бол!
Жылқайдар Арғын Иманқұлдың Әбдірахманы айтыпты
…. Баяғыда Ахаңның әкесі Байтұрсын айдаудан елге оралғанда, елдегілер "Орыс деген кім екен?" дегенде "Орыс деген өзіміз сияқты екі көзі, екі қолы, екі аяғы бар адам. Тек айырмашылығы: егіліп айтқан шындығыңа нанбайды, үйлестіріп айтқан өтірігіңе нанады", – деген екен.
Мадияр Арғын Бөлтірік болыстың сөзі
Терезең тең болғанда
дұшпаның дос,
Қайда созсаң болады қолың да бос.
Азырақ бет алысың болса төмен,
Дұшпан түгіл болады туысың өш.
Денсаулықты пәнда сұрар бір
Құдайдан,
Көршің жақсы көреді тисе пайдаң.
Аз абырой, басына бақыт
болып тұрса,
Қолыңа келер қонып әлде қайдан.
Жақсы кексіз болады, жаман тексіз,
Болмас пәнда жасынан
болады епсіз.
Кей пәнданың айтары – ғайбат,
өзі – күншіл,
Аллаға қар жүзді,ол бір бетсіз.
* * *
Дүние – теңіз, адам – қайық есетін,
Адам бір күн үстінде оның өшетін.
Ажал деген қылыш қой
бір мейірімсіз,
Уақыт жетсе жалт қаратпай кесетін.
Үмбетей Арғын Теміршенің сөзі
Мендағы бір бұтағы жоқ кәрі терек,
Тірлікте дүниенің бәрі керек.
Өлгенде алатының бес қары бөз,
Қалған дүние жиғанмен неге керек?
Бәйбіше Арғын Кішкентайдың Аққошқарының сөзі
Жалғанның соңына ердің
несін біліп,
Адам өз тәуба қылған есін біліп.
Дүнияға жалаңаш кеп,
жаяу қайттың,
Мойынға төрт қары бөз тесіп іліп.
Жақыннан төрт адам кеп тонап алар,
Бойыңда бар киіміңді шешіндіріп.
Көп адам алып барып,
қойып қайтар,
Екі аяқ, екі қолын көсілдіріп.
Атақты Шөже ақынға дуанбасы Қыпшақ Жайықбайдың Ыбырайы "мені мақтап бір ауыз өлең айт" дегенде айтқаны
Құлы едің Қошқарбайдың,
түбің Естек,
Қайқы төс, қолағаштай
кеудең төстек.
Алған соң өзің билеп жұрттың бәрін,
Мың-мыңдап жылқы айдадың,
өңкей мәстек!
Жылқышы қожаға Көбектің Төлебайы "мені жамандап өлең айтшы" дегенде Қожекеңнің айтқаны
Қайың биік болмайды қарағайдан,
Өзің туған екенсің жадағайдан.
Шошқаның қабанындай көрінесің,
Көз салып қарап тұрсам анадайдан!
Досым – Арғын Әйдерке Үркімбай бидің сөзі
Хан тасыса күннің көзін
бұлт басады,
Батыр тасыса асу асады.
Елдің жақсысы тасыса,
Қарашасын атпен басады!
1932 жылғы ашаршылықта бір үйге келіп отырғанда, үй иесі "Уа, бірдеңе десеңші" дегенде Дәуітбай Арғын Құбашаның айтқаны
Балалық базар бір өтті,
Артынан келіп қу нәпсі,
Ұзатпай келіп бұл жетті.
Жігіт болдың тарқылдап,
Кісі болдың балпылдап,
Өмірдің өрі таусылып,
Шаршаған қоян секілді,
Тұрмыз ғой біз де қалтылдап!
Ертай қажы Балахмет.