Поэтикалық дуэль: Қостанайлық ақын 1-орын иеленді

Шымкент қаласында өткен "Күміс қалам-2022" республикалық поэтикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Жүлдегерлер қатарында қостанайлық жас ақын Дәулет Жадырасын да бар.Поэтикалық дуэлге Қазақстанның әр өңірінен 16 ақын қатысты. Жыл сайын елдің түкпір-түкпірінен жас таланттарды жинайтын байқауға Қостанай облысы биыл бірінші рет өнерпаз қосқан еді. Дарынды ақын, Қазақстан Жазушылар одағының ең жас мүшелерінің бірі Дәулет Жадырасын облыс намысын қорғуға аттанған. Ол айтулы сында өзінің шеберлігін, қаламының қуатын таныта алды. Кіл мықтының ішінен суырылып шығып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Оған Есенғали Раушанов атындағы арнайы сыйлық табыс етілді. Ал, "Күміс қалам-2022" поэтикалық дуэлінің бас жүлдесін шымкенттік ақын Арайлым Мұратәлиеваға бұйырды.
"Ақындар үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы айналымның шарты – Шымкент шаһарына жыр арнау. Екінші кезеңде жеребе арқылы екі ақын поэтикалық дуэльге шықты. Бұдан іріктеліп шыққан 6 ақын финалға өтті. Дуэльдің басты ерекшелігі – мұнда өлеңнің мазмұнды болуымен қатар, оны нақышына келтіріп оқып, көпшілік жүрегіне жеткізу қажет. Сахна мәдениеті де ескеріледі. Сондай-ақ, қарсыласың оқыған өлеңнің тақырыбына сай келетін жыр оқып, сонымен мәндес шығармаңмен оған жауап беруің шарт. Байқау осындай ережелері арқылы жас қаламгерлердің жаңа мүмкіндіктерін аша білді деп ойлаймын. Алғашқы "дуэльдесім» Ақжол Түменбай болды. Екеуіміздің сайысымыз ең тартысты өтті деп жатыр. Ол ақыннан бәсім басым болып, келесі кезеңде Аружан Оралбай деген ақын қызбен жыр-жарысқа түстім. Одан кейін финалға өттім. Мұнда көрермендердің өлеңді қабылдауы да есепке алынады. Сәттілік серігім болды деп ойлаймын. Қуаныштымын", – дейді жерлесіміз, жүлдегер ақын Дәулет. Мұнымен қоса, Әбілда Аймақ атындағы жүлдені Ақбота Бейбітбек (Шымкент қаласы) еншілесе, Тынышбек Рахым атындағы сыйлыққа Аружан Оралбай (Жезқазған қаласы) лайық деп танылды. Тоқаш Бердияров жүлдесін Ақжол Түменбай (Қызылорда облысы) қанжығаға байлады.
Айта кетейік, жас дарындарға танымал ақын, "Дарын" сыйлығының иегері Қалқаман Сарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы және азулы ақын, ҚЖО мүшесі Бақытжан Алдияр төрелік жасады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓