«Азап шеккің келмесе..»
Демалыс күнгі стадион маңайындағы серуенге қол тисе асығамын. Мұнда түрлі адамдар: көрші-қолаң, жолдас-жора, жүзтаныс,сапарлас т.с.с кісілер ұшырасып қалады. Бір жолы Құсайын деген бұрынғы ескі үйдегі көршім жолығып, көңіл жая шұрқыраса кеттік. Әңгімеден әңгіме, бір кезде:
-Айтпақшы, араларыңнан қыл өтпейтін профессор Бердекең-Бердібек ағамыз қалай?-дедім. Құсайын езуіндегі күлкісін жиып ала, жайдары қалпын өзгертіп:
-Есен сау, жүріп жатыр. Бірақ..- деп Құсайын үнсіз қалды да,менің сұрағымды күтпесен, -сенен несіне жасырайын, Бердекеңмен баяғыдай қатынасымыз үзілген. Алда-жалда құдай жүздестіре қалса, амалдың жоқтығынан амандасамыз-ау. Жәке,-деді күрсіне.
– Е, не боп қалды соншалықты?
-Былай қарасаң түк те болған жоқ. Өзің білесің, үлкеннің – ұлымның өзінің фирмасы бар. Сол алдыңғы жылы мерейжасымызға тарту деп әйеліміз екеуімізге шетелге туристік жолдама алып берді. Испанияда демалып қайттық. Келгесін араласатын көрші-қолаңға жудық. Сол жолы ғылым докторы ағамыз – Бердекең кілт өзгерді. «Сенің боқмұрын балаңның адам бола қалыпты ғой, е, жарайды, жарайды» деп отырып, үйден шығысымен пықсық сөз шығарыпты. Оны алдымен әйелдер естіп, одан өзара қоздырып, қырғи-қабақ болады. Байқаймын, Бердекең бұрынғыдай емес, қабағында сыз бар. Ананы-мынаны сылтауратып, бір-бірімізге кіріп-шыға беруші едік. Ол қатынас тиылды.Мен оны елең қылмай, көрген жерде жарқырап пейілі берсем де, ағамыз тоңтеріс. – Құсайын сәл ойланып барып сөзін сабақтады, – Сенесің бе, былтыр кенже қызым,мектепті үздік бітіріп, Астанадағы Назарбаев университетіне түсті. Сол кезде ойда-жоқта кездесе кеттік. Құтты болсын деп айта ма десем: «Сенің онда кімің бар, өздігінен түсуі мүмкін емес қой!»-деп ышынып кетпесі бар ма ағамыздың! Түтігіп, теріс бұрылып жүріп кетті. Мен аңырап, не ашуланарымды, не күлерімді білмей қалдым. Он жылдан астам аралас-құралас жүрген кісіні қалай танымағанмын. Содан қайтып ол кісіні көргенім жоқ,-деді ол. Апырай,ә деп мен де таңырқап қала бердім.
..Үйде оңашада қойын дәптерлерімді парақтайтын әдетім. Бұл жолы да ішкі бір мазасыздығыма дауа іздеп оқыған-тоқығандарыма үңіле түсемін: «Менің бір байқағаным: іштарлық талантты адамдарда да, білімді мен ақылды, мемлекеттік істерді атқарып жүрген жандарда да кездесе береді екен. Біреуге жақсылық жасап жүрген «жақсы адам» екінші біреуге қастандық жасап та өмір сүре береді екен» (Бексұлтан Нұржекеұлы. «Жұлдыз» №10.2017)
«Адам деген-ғажап жаратылыс. Саған қолынан келетін бар қиянатын жасап тұрып, «Менің өмірдегі басты ұстанымым – ешкімге қиянат жасамау»-деп жариялай береді. Жұрт оған сенеді, риза болады.» (сонда «Жұлдыз» №10.2017)
«Өмірдің егжей-тегжейін ойлап қарасақ, іштарлық пен ауызбірлік –мәңгі арпалысып келе жатқан қарсыластар. Іштарлық өмірдің кез келген жағдайында: күнделікті күйбең тіршілікте де, пендешіліктің күнкөрісінде де, ағайынның аралас-құраласында да,қысқасы көр-жердің бәрінде де көрініс береді» (сонда)
«Өтірік сөйлеу мен өтірік сыйласудың өмірде бола беретініне көзім жетті. Оны өзгертуге әлім жетпейтінін де білдім. Бір кезде бауырдай сыйласқан адамың келе-келе мүлдем өзгеріп кететініне де көз жеттті. Оған күйінгеніңмен, қиналғаныңмен өзгерте алмайтының,өткен сыйластықты қалпына келтіре алмайтынымыз-бәрі өмірдің бір кезеңі екен.»(сонда)
«Азап шеккің келмесе, күншіл болма» деген парсы ақыны Үнсуридің сөзін оқыған соң дәптерімді жаба қойдым.