Марина Кудрицкая: “Жақсы ұстаз – жақсы тәлім-тәрбиенің өзегі”
Ұлы Абай сарынымен айтсақ, барлығы білім заманында бой емес, ой түзейді. Ал жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, көкейге ғибрат қондыратын ұстаздар үшін біліктілікті арттыру – басты міндет. Білім саласындағы өрелі істердің өзегі болып отырған "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы" акционерлік қоғамының Қостанайдағы филиалы жыл сайын шет елдерге мамандарымызды жіберіп, отандық оқытудың бағытын дамытып, білім қоржынын молайтуды дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі сұхбаттың қонағы – педагогика ғылымдарының кандидаты Кудрицкая Марина Иванқызы. Қазір Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының (ҚМПИ) ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Осы жылы Марина Иванқызы Англияның Ньюкасл қаласындағы университетте (Newcastle University) біліктілігін арттырып қайтты.
– Марина Иванқызы, сіз барып қайтқан, тарихы 1834 жылдан басталатын Ньюкасл университеті әлемдегі сұранысы жоғары, деңгейі мықты оқу орындарының қатарына жатады екен. Осы сапарда алдыңызға қойған межелі мақсат қандай болды?
– Дұрыс айтасыз, Ньюкасл университеті Англиядағы өзіндік орны бар, әлемге танымал оқу ордасы. Менің ойымша, кез келген ағылшын тілі пәнінің мұғалімі өз карьерасында кемінде бір рет ағылшынтілді елдерде, мейлі Ұлыбритания мен АҚШ, мейлі Канада мен Австралияда болсын, ең алдымен, өзіне тәжірибе жинақтау үшін барып қайтуы керек. Сонда ғана нағыз ағылшын тілінің мұғалімімін, өзіме сенімдімін деп айта алады деп ойлаймын. Бірақ, бұл тек менің педагогикалық ойым. Мен Ньюкаслда ЖОО оқытушыларына арнайы өткізілген курсқа қатыстым. Бұл сапардағы басты мақсатым кәсіби шеберлігімді одан әрі арттыру болды. Сондай-ақ британ мәдениетімен кеңінен танысу бұрыннан бері келе жатқан арманым еді. Аталмыш курста тек студенттерге оқытудың әдіс-тәсілдерін ғана емес, оны тәжірибе жүзінде іске асыруды үйрететін бағдарламалармен таныстық, әр түрлі тренинг-терді өткіздік.
– Ал, сіздің сапарыңыз өзіңіз үшін, ҚМПИ үшін қаншалықты пайдалы болды? Қандай тың нәрселер әкелдіңіз?
– Мен, ең алдымен, шетелдік білім жүйесімен етене таныстым. Бізбен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен ЖОО өкілдері келіп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Тың жаңалықтарын ортаға салды. Қазақстан атынан 24 педагог барды. Оларды Алматы қаласында іріктеп, онлайн курс-тардан өткізіп, осы сапарға дайындаған болатын. Сондықтан осы жолғы курстың салмағы ауыр екенін барлығымыз түсіндік. Біз де өз қоржынымызда бармен бөлісуге тырыстық. Ньюкаслдан алып қайтқан тәжірибем ҚМПИ студенттеріне үлкен көмегін тигізеді деп ойлаймын. Және де студенттер арасында дедлайн-курстар өткізу ағылшын тілін меңгеріп, кәсіби жолға түсуге септігін тигізеді екен.
– Қазақстан мен Британ білім жүйелеріндегі ерекшеліктерді атап өтсеңіз?
– Академиялық еркіндік деген бар. Студент оқытушыны, пәнді өзі таңдайды. Оған толықтай құқығы бар. Ньюкасл университеті осы әдіспен оқытуды қолға алған. Біздің кейбір ЖОО академиялық еркіндікке, яғни элективті курстар жүйесі-не қарай ұмытылып келеді. Бұл білім сапасына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Англияда студенттер білім бағытын және қанша жыл оқитынын таңдау арқылы, болашақ мамандығын анықтауға мүмкіндік алады. Студент-бакалавр оқып жүріп те, өз мамандығы бойынша жұмыс-қа орналаса береді.
– 2008 жылы Қазақстанның Болон жүйесіне кіруі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі құжаттарын ағылшын тіліне аудару кезінде сіз үлкен жұмыстар атқардыңыз. Толықтырып өтіңізші?
– Аудармалар жүргізу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінен 2008 жылы шақырту келді. Негізінен сол жылы біздің институт Болонья қаласында өткен университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойған болатын. Осы іссапарда Қазақстан делегациясымен бірге аудармашы ретінде барып қайтқан едім. Кейін менің жұмысым ұнаған болса керек, арнайы министрліктен шақыртыпты. Менің аудармалар жүргізуге қатысуым осылай басталды. Сол кезде ағылшын тілінің оқытушысы болғаныма қатты қуандым.
– Сіздің ойыңызша, жақсы ұстаз қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Жақсы ұстаз – жақсы тәлім-тәрбие-нің өзегі. Студенттің сабаққа қатынасуы мен үлгерімін қадағалауынан бастап жұмысы сапалы, жауапкершілігі мол маман болуына үлесін қосуы қажет. Өйткені, ұстаз шәкірті үшін қызмет етеді. Ал жас ұрпақ – елдің болашағы. Қазір, расында да, әлемдік бәсекеге түсу үшін ағылшын тілін үйрену жастар үшін міндетті. Үйренемін дегенге ешкім тұсау сала алмайды, оқу үшін ынта болса болғаны. Мұны 30 жылдық тәжірибеме сүйеніп сенімді айта аламын.
– Англияға жаз мезгілінде бардыңыз. Ньюкасл несімен қызықтырды?
– Ньюкасл – ескі қала. Тарихи мүсіндер қаланың әр нүктесінде бар десем артық айтпаймын. Көз тартарлық ғимараттары мен көпірлері қатты ұнады. Және Ньюкаслда жаңбыр жиі жауады екен. Біз барғанда ауа-райы құбылмалы болды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қасқырбай Қойшыманов.