ҚҰСТЫҢ КӨҢІ ДЕ КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ
Қостанайдағы "Жас-Қанат 2006" құс фабрикасы республика бойынша үздік үштікке кіретін әлеуетті кәсіпорын. 2007 жылдан бері фабрикаға 4 млрд теңгеден астам қаржы инвестиция тартылған. Жылына 250 млн жұмыртқа өндіреді.
Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық қондырғылармен толық жабдықталған. Өндіріс ошағы тұтынушылардың қажеттілігін мейлінше өтеу үшін өзге қалалардан өз филиалдарын ашқан. "Жас–Қанат 2006" өнімдері облыс аумағынан тысқары, Астана, Алматы қалаларында сатылады. Ресей мен Ауғанстанға экспортталады.
Фабрика басшылығы бизнесті әртараптандырудың өзектілігі мен қажеттілігіне сай құс етін өндірумен де айналысып жатқанын тілге тиек етті. 2021 жылы кәсіпорын "Poultry-Agro" ЖШС бройлерлік құс фабрикасының инвестициялық жобасын қолға алып, тоқтап тұрған "Комсомол құс фабрикасын" қалпына келтіруге кірісті. Оған алғашқы кезеңде 5,8 млрд теңге инвестиция құйды. Бүгінде оның өндірістік қуаты жылына 7,5 мың тонна бройлер етін өндіруге қауқарлы. Өндіріс ошағында 283 жаңа жұмыс орны ашылды. Құс фабрикасының ет өнімдері ассортименті ел ішінде үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, Ресейге экспортталады. Кәсіпорын өнімдері халал сертификатына ие.
– "Poultry-Agro" ЖШС-ін екі бағытта дамытуды көздеп отырмыз. Біріншіден, өндірістік қуатын жылына 12,5 мың тоннаға дейін арттырсақ па дейміз. Сосын дәнді және майлы дақылдарды өсіру үшін егіс алқабын 10 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап қойдық. Бұл кәсіпорынды жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ресей Федерациясының бірқатар облысындағы қолайсыз эпизоотиялық жағдайға және шекараның жабылуына байланысты мекендерді тірідей әкелуге, құс өнімдерін тасымалдау мүмкін емес. Сондықтан, қазіргі уақытта "Poultry-Agro" ЖШС және басқа да құс фабрикаларын балапанмен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр, – дейді "Жас-Қанат 2006" ЖШС Бас директоры Қайрат Маишев.
Оның айтуынша, "Poultry-Agro" ЖШС, басқа да кәсіпорындар мен облыс халқын шөжелермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін Қарабалық ауданында инкубатор салу жоспарланған. Жаңа жобаның құны 2,2 млрд теңге. Оны қаржыландыруды "BV Management" ЖШС "Бәйтерек ҰБХ" АҚ мақұлдап отыр. Инкубатор пайдалануға берілгенде жылына 8 млн балапан шығаруға болады. Инвестициялық жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Мәселен, онда елуден астам жаңа жұмыс орындарын құрылады. Бюджетке жылына шамамен 250 млн теңге салық төлемдері түсіп отырады. Өңірдің іскерлік белсенділігін артады әрі "Poultry-Agro" ЖШС-ін бройлер балапандарымен қамтамасыз етілмек.
Алдағы уақытта "Жас-Қанат 2006" ЖШС жұмыртқа ұнтағын шығармақ. Бұл өнімді ұзақ сақтауға болады. Тасымалдауға ыңғайлы. Жаңа өндіріс кәсіпорынға жұмыртқаның сұраныс төмен болған жағдайда шығындарды азайтуға мүмкіндік беріп, экспорттық әлеуетін арттыруға сеп. Ал тауықтың көңін қайта өңдеу сапалы органикалық тыңайтқыштардың жетіспеушілігін азайтады.
Ескерте кетейік, қайта өңделмеген құстың қиын тыңайтқыш ретінде пайдалануға болмайды. Өйткені, ол аммиак, мочевина, күкіртсутектің жоғары концентрациясына байланысты қоршаған ортаға зиянды. Қоқысты компосттау процесін жеделдететін жаңа отандық биологиялық өнімдерді қолдана отырып, құс көңін органикалық тыңайтқышқа айналдыру топырақтың құнарлылығы мен өнімділігін 35-40% арттырады. Сондықтан, келешекте құс шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеуге арналған биогаз қондырғысын салу жоспары бар. Кәсіпорын қалдықтарды қайта өңдеп, одан электр энергиясын алуға мүдделі. Бұл жоба қалдықтарды кәдеге жарату, сондай-ақ, "жасыл технологияларды" дамыту тұрғысынан маңызды.
Кәсіпорынның Бас директоры бүгінде фабрикада жұмыртқа өндіру көлемі отыз бес есе өскенін, құстың ұясы он төрт есе, яғни, 10 мыңнан 1,4 млн дейін ұлғайғанын, ет өндірісі он бес есе, жұмыс орындарының саны бес есеге артқанын айтады. Фабрикада еңбек өнімділігі екі есе жоғарылаған. Құс фабрикасының 50% өнімі сыртқа экспортталады.
Әлібек ЫБЫРАЙ.