Ерлік – ұрпаққа үлгі

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай Қостанай қалалық №28 мектеп-гимназиясында ерлік сабағы өтті. Бұл жолы дәрістің тақырыбы – «Ауғанның от-жалыны» деп аталды. Шараға Қостанай қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Арыстанов, ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Орал Батырғалиев, интернационалист-жауынгер Марат Ғалым, аға офицер Бауыржан Мұхамеджанов және жоғары сынып оқушылары қатысты.
Шара басталмас бұрын ауған соғысына арналған деректі фильм көрсетілді. Жиналғандар сұрапыл соғыста қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Кездесуде ауған соғысының ардагерлері патриотизмнің, Отанға адал қызмет етудің және әскери борышты орындауға әзір болудың маңызды екенін айтты.
Кеңес әскерлерінің соңғы легі Ауғанстаннан 1989 жылдың 15 ақпанында шығарылды. Ол елдегі әскери іс-қимылдарға қатысушылар өздерінің әскери борышын абыроймен атқарғандар қазіргі әскери қызметшілер үшін батырлықтың, ерліктің үлгісі болып табылады. Ресми статистикаға сүйенсек, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына 22 мыңға жуық қазақстандық қатысты. Олардың 900-ден астамы қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Атап өтсек, 4300-ден астам қазақстандық жауынгер ордендермен және медальдармен марапатталды, олардың алтауы Кеңес Одағының батыры, біреуі – Халық Қаһарманы атағын алды. Бүгінде елімізде 15 мыңнан астам интернационалист-жауынгер тұрады. Көбі елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмысына атсалысады.
Ауған соғысында қыршын кеткен жерлесіміз Қайырбек Мұқановтың ерлік істерін майдандас досы Серік Арыстанов тебірене еске алды:
  – 1981 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шоңжы шекара отрядынан шақырылдық. 74 адам оқу дайындығын бастадық. Қостанайдан үш қазақ жігіті бар едік. Бес ай дайындықтан өттік. Қайырбек марқұм пулеметші еді. Түнгі атыс болады. Мен командир басшысы болдым. Екі ай тауда дайындалдық. Нұсқаушылар үйретеді. Бізге тапсырма беріледі, әскери жоспарды орындауға тиіспіз. 1982 жылы наурыз айында десанттық топ жасақталды. Сол топ Тәжікстандағы Московский шекара отрядынан көбіне Ауғанстанның Бадахшан провинциясында тапсырма орындадық. Шекарашылар басқа мемлекетте соғысуға тиіс емес. Базамыз Тәжікстанда. Негізгі міндетіміз – моджахеттерді қолға түсіру, қарусыздандыру. Соңғы шайқаста тікұшақпен ауылдарды аралауға барған Қайырбек Мұқановтардың отряды төртінші ауылда ауған дұшмандарының тосқауылына тап болды. Түс ауа басталған атыс түнге дейін жалғасып, пулеметші Қайырбек 18 қарулас майдангер досын қорғай отырып, ерлікпен қаза тапты. Мен сол жылдары оқу-дайындық кезінде Қайырбекпен жолдас болдым. Өзі қарапайым ауылдың жігіті, Меңдіқара ауданының Көктерек елінің тумасы. Бала кезінен спортпен шұғылданған. Ол бірнеше шайқаста болып, өзін жақсы жағынан көрсетті. Жылда өзі туған жері – Меңдіқара ауданында Қайырбек Мұқановты еске алуға арналған спорттық жарыс ұйымдастырылып келеді. Оның ерлік ісі көпке үлгі, – деді Серік Арыстанов.
    Оқу ордасының жас өрендері қонақтарды қарсы алып, өшпес ерлік көрсеткен ағаларына арнау оқыды.
  ҰҚК Шекара қызметінің Қостанай облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Орал Батырғалиев білім шаңырағындағы «Жас сарбаз» сыныптарының оқушыларын мектеп бітіргеннен кейін еліміздің шекарасын күзету мақсатында шекара әскери оқуында білім алуға шақырды.

             

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓