Өнерлі ардагерлер – ел өрісі
Аудан ардагерлері көршілес Аманкелді ауданына барып, мерекелік концерт тарту етіп, аудан жұртшылығын өнерлерімен сүйсіндіріп қайтты.

Қазақтың бір өнері жұмбақ айтыс. Осы айтыстың шешуін шешендік сөздермен ұштастырып, өлең жолдарымен өрбіткен Айтжановтар отбасы көрермендер көзайымына айналды. "Үкілі қыздан" үміт үзбеген ардагер әкеміз Әбдір Айтжанов мерекелік кешті тамашалағандарды әсем әннің әсерімен баурап алды. Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен танылып жүрген ақын апамыз, қарт ұстаз Гүлбаршын Иманғалиева "Тәуелсіздік алтын арай ақ таңым" атты жыр жолдарын шабыттана оқыды. Торғай ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Жылқыбай Бәкіров "Құстар қайтып барады" әнін орындап, залда отырғандарды ән ырғағымен тербеді. Көп балалы ана, Алтын алқа иегері Күлпара Жәлелова вальстің королы атанған Ш.Қалдаяқовтың "Арыс жағасында" әнімен мерекелік кешті қыздыра түсті.
Бірмағанбетовтер отбасы "Жұбайлар жырын", ардагер Қапуза Әлібек "Сыбызғы саз сырнай" әнін сызылта салса, Балдырған Шоқпытова "Шақырады көктем" әнін орындап, қыстың ызғарлы суығын ұмыттырып жіберді.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ.
Жанкелдин ауданы.