Бақытың қайда, балақан?
Қостанайда «Дельфин» балалар үйінің бар екенін бәріміз білеміз. Шүпірлеген балалар бұл жерге қандай жағдайда келетіні де белгілі. Балалар үйіне соңғы рет он жыл бұрын келген шығармын. Ол кезде жүзден астам бала тәрбиеленіп жатқан еді. Жолымыз түсіп, бұл жерге тағы келдік. Сол орын, сол үй. Тек сол шүпірлеген баланың қарасы аз. Себебі тастандылар жыл санап азайып келеді. Тұрмыс түзелді ме, әлде адамның санасы толықты ма, әйтеуір қазір баласын тастап, "бауыр етінен" безетіндер азайған. Бұл қуанышты жағдай ғой. Есесіне, бала асырап алуға ниеттенгендер көбейген.

Далада жатқан бала жоқ
Айымгүл Ахметова – аға тәрбиеші. 2008 жылдан бері осы жерде еңбек етіп келеді. Сондықтан оған балалар үйінің тыныс-тіршілігі жақсы таныс. Бұл жердегі басты өзгеріс – бала санының әлдеқайда азайғандығы. Бұрын барлық топ толыққанды жұмыс істейтін.
Қазір бізде барлық бала саны – 41. Соның ішінде 28 бала осы жерде тұрақты түрде тәрбие алады, қалғаны – балабақшаға келетіндер. Олардың ата-аналары бар. Бірақ өмірдің қиын жағдайына тап болған. Олар балаларына келіп, жағдайларын біліп тұрады. 28 баланың 4-і ғана жетім бала. Былтырдан бері күндізгі топ аштық. Бір жастан үш жасқа дейінгі балаларға балабақша жұмыс істей бастады. Қазіргі шақта екі топ жұмыс істеп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін тәрбие алуда. Балаға қажеттінің бәрі бар. Кешкі алтыда ата-аналары алып кетеді. Балалар 1 жастан 3 жасқа дейін ғана қабылданады, – дейді аға тәрбиеші.

Бұрын балалар үйінің алдына құндақтаулы сәбилерді тастап кете беретін. Оған да үйренген едік. Қазір далада жатқан бала жоқ. Бізде 28 бала болса да олардың іздеушілері бар. Өкіншітісі, қоғамда бала көтере алмайтын келіншектер көбейді. Көбісі жасанды ұрықтандыруға барады. Үш жасқа толған соң Рудныйға, «Жанұя» отбасылық типтегі балалар үйіне барады, – деп топтарды аралап, таныстырды Айымгүл Ахметова.

Ана мен бала ажырамасын
Балалар үйінде кішкентайында тәрбие алып, көп жылдар өтсе де келіп, көмек беріп тұратын жандар бар екен. «Жасы отыздардағы әйел адам келіп, үнемі мерекелерді ұйымдастырып тұрады. Отбасылы. Кішкентайында осы жерде өскен екен. Тағы бір ер кісі үнемі келеді. Өзі кәсіпкер, отбасылы. Ол кісі де үнемі көмек беріп тұрады. Осы жерде үш жасқа дейін тәрбиеленіпті» дейді Айымгүл ханым.

Бала далада қалмасын, ата-ана аяғынан тұрып алсын деген ниетпен осы жерде балабақша ашылды. Биыл балалар бірінші рет табиғат аясында жазғы демалысты өткізді. Балдырғандарға ұнады, – деп әңгімеге араласты балалар үйінің бас дәрігері міндетін атқарушы Яна Баранова.


31 жастамын. Баламның осында тәрбиеленіп жатқанынан бір жыл болды. Несін жасырайын, бір кездері араққа салындым. Не үйім, не отбасым болмады. Қазір бәрін қойдым. Саяжайда тұрып жатырмын. Бүгін ұлымды алып кетуге келдім. Қиындыққа тап болғанда балалар үйінің көмегі көп болды. Қолымнан келгенше келіп тұрдым. Баланың әкесінің қайда екенін де білмеймін. Енді ұлымды қолыма алған соң жақсы өмір сүремін деп сенемін, – деп ағынан жарылды.

Бала – әр жанұяның бақыты
Бала сүю бақыты біреуге бұйырса, біреуге бұйырмайды. Бұл да өмірдің бір сынағы. Қаншама отбасы бір сәбиге зар болып жүр. Оның артында қаншама мәселе, тағдыр жатыр. Ал осындай отбасылар бала асырап алуға ұмтылса да, ұзақ жылдар кезекке тұрады. Көптеген құжаты бар. Жарық дүние есігін ашқан сәбилер қараусыз қалып, балалар үйін паналаса, қаншама бүлдіршіннің туа салып, далаға тасталып жатқаны да ащы болса да шындық. Баланы асырап алу оңай емес. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген танысым бұл жолдағы қиыншылықтарды айтты.
Бала асырап алғым келді. Өкініштісі, сәби сүймедік. Шешім қабылдап, құжаттар жинай бастадық. Бірақ менің пәтерім бала асырап алуға алуға тар екен. 15 шаршы метрге кем болып, балалы болмай қалдық. Сөйтсек, сәбиге бөлек бөлме керек екен. Отбасы мүшелеріне шаршы метр бөлек есептелетіні бар. Сөйтіп, меселіміз қайтып, жігеріміз құм болды. Неше жылдан бері бала күтіп, кезекте жүрміз, – деп көзіне жас алды танысым.


Міне, балалар үйінің жайы осындай. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Бала құқықтарын қорғау комитеті таратқан ақпаратты таптық. «Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 89 ұйым бар. Онда 4 076 бала тәрбиеленіп жатыр. 2017 жылы, яғни осыдан 5 жыл бұрын ғана 138 балалар үйі болған. Сонда бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде 49 балалар үйі жабылыпты» делінген ол деректе. Бұйыртса, бара-бара жетім бала атымен болмас. Тек туа сала қоқысқа тасталмаса екен.

Біз бұл мекемеден шығып бара жатқанымызда құшақ-құшақ гүл, түрлі-түсті шар ұстаған, екі жігітті кездестірдік. Қуаныштан күле береді. «Біз бес айлық ұлымызды алуға келдік. Бәленбай жыл сәби күтіп жүрсек, баламыз осы жақта екен» деп қуанышымен бөлісіп жатыр. Бала асырап алып, сол қуанышты сәт осы күнге келген екен. Құттықтап, әке атанған жанға бауы берік болсын дедік. Расымен де әр бала сүйінші сұрап, жар салған қуанышты жағдайда ғана дүниеге келсін деп тілейік.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ