Жол-патрульдік қызметінің мамандары көлік дөңгелегінің сапасын тексеруге құқылы
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазақстандық жол-патрульдік қызметінің мамандары көлік доңғалағының сапасын тексеруге құқылы.
Өйткені, Кеден одағына мүше елдер қабылдаған жаңа техникалық регламентке сәйкес, жаңа жылдың қаңтарынан үш ел – Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде тұратын көлік иелері көліктерінің доңғалағын жылдың маусымына (қыс, жаз) байланысты дер кезінде ауыстырып тұруға міндетті болды.
Жол-көлік патрульдік қызметі мамандарының айтуынша, Кеден одағының жаңа техникалық регла¬менті бойынша қыс айларында – жазғы доңғалақтарды, керісінше, жаздыгүні «шегесі» бар қысқы доңғалақтарды пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынып, заң бұзғандар қатаң түрде жазаланатын болды. Сондай-ақ, доңғалақтың бұдырының (протекторы) қаншалықты қалғандығына байланысты шектеу қойылмақ. Мысалы, жазғы доңғалақтың бұдырының тереңдігі кем дегенде – 1,6, ал қысқы доңғалақтың бұдыры 4 миллиметр болуы тиіс. Доңғалақ бұдырының талапқа сай келетін-келмейтінін МАИ қызметкері бастапқыда көзбен қарап, анық¬тайды. Егер көлік жүргізушісі жол-патрульдік қызметі ма¬манының пікірімен келіспеген жағдайда, доңғалақ бұдырының тереңдігін қарапайым тәсіл – кәдуілгі сыз¬ғышпен өлшеп, дә¬лелдеуге болады. Жалпы алғанда, көлік доңғалағының маусымға сәйкес келмеуі көліктің техникалық талапқа сай келмейтіндігін көрсетеді.