Әкім майдангерлерді құттықтады
Жаңа жыл қарсаңында 26 желтоқсан мен 30 желтоқсан аралығында Қазақстан Президентінің бүкіл еліміз бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық бірегей акциясы Қостанай ауданында да жалғасты. Аудан әкімі Тәуба Исабаев өзі бастап Затобол кентінде тұратын үш майдангердің шаңырақтарына барып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаты мен гүлі және аудан басшысының сыйлығын табыс етті.

Сондай-ақ жасынан соғыстың ауыртпалығын көрген Алексей Комликтің үйінде болған Тәуба Исабаев қарт майдангерге зор денсаулық тіледі. Ардагер де алғысын айтып, амандық болса, алдағы Жеңістің 70 жылдығына баруға әзір екенін айтты.
Аудан басшысы өңірімізге аты мәлім Телғара Әбенов ақсақалдың отбасына барды. Тоқсанға аяқ басқан атаның әжемізбен отау құрғанына 65 жылға аяқ басыпты. Алты баладан бүгінде ұрпақ өрбіткен майдангер өзін құттықтаған барша жанға батасын берді:

– Мен Мемлекет басшысының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ерекше көңіл бөлетініне разымын. Бұл өзім сияқты барша майдангердің тілеуі. Ал сіздерге біздің көрген бейнетімізді бермесін, жасымызды берсін. Өткен тарих қайталанбасын, еліміз тыныш болсын!
Қыдырбек Қиысқанұлы