Шаштараздан сұлулық салонына дейін
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант ұтып алған жас кәсіпкерлердің бірі – Жангелдин ауданының 27 жастағы тұрғыны Арайлым Елеуітова. Ол 2017 жылы өз қаражатына «AS_stydio» атты шаштараз ашып, 2018 жылы 1 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алып, кәсібін кеңейткен. Жаңадан құрал-жабдықтар сатып алып, жаңа қызмет түрлерін қосқан. Шаштараз бүгінде сұлулық салонына айналды. Жас кәсіпкер қазір бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. "2015 жылы Қостанай мемлекеттік университетін бітіріп, Алматы қаласында мамандығым бойынша жұмыс істедім. Алайда, ата-анамның "туған жеріңе оралып қызмет істе" деген бір ауыз сөзі мені жігерлендіріп, өз кәсібімді ашамын деп шештім. Қостанайдан арнайы курстар оқыдым. Аудан орталығынан өз қаржыма шаштараз аштым. Артынша, сұрастыра келе, мемлекеттік қолдау бар екенін естіп, конкурсқа қатысып, 1 млн теңге грант ұтып алдым. Кәсібімнің іргесі кеңейді. Сұлулық салонын ашқан бойда қасыма ниетті жас қыздарды алып, өзім оқыттым. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда жаңа қызмет түрлері қосылып жатыр, – дейді жас кәсіпкер.
Әсел Қибаш