Шаһарда – жаңа білім ордасы
Қостанайда №28 мектеп-гимназиясы оқушыларға есігін айқара ашты. Бұрынғы кәсіптік-техникалық колледж ғимаратын орта білім ошағына лайықтап жөндеу жұмыстары шілде айында басталған болатын. Енді, міне, облыс орталығының 140 жылдығына орай 900 орындық үш қабатты нысан жаңа тоқсанда пайдалануға беріліп отыр.
Мектептің ағымдағы жөндеуіне 250 миллион теңге жұмсалса, оның 95 миллионы – демеушілердің қаржыландыруымен жүзеге асып отыр. Төбесі жабылып, іші жаңартылды, кабинеттер жаңа жиһаздармен жабдықталды. Әсіресе, химия, физика, биология, робот техникасы сыныптарына заманауи құрал-жабдықтар орнатылды. 160 орындық асхана, музыка, хореграфия, спорт, акт залдары, дәліздер әдемі кейіпке енген.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда қаламызда ана тілімізде оқытатын 6 мектеп жұмыс істейді. Қостанай қаласында балаларды 1-11 сыныптарға дейін қазақ тілінде оқытатын тағы бір мектеп ашу қажеттілігі туындағалы біраз уақыт болды. Қысқа мерзім аралығында үлкен жұмыс атқарылды. Мектептің ашылуы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және жалпы білім беруді дамыту саласында жасалған маңызды қадам болып табылады. Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды, әлі де ауланы абаттандыру, көлік тұрағын ашу қатарлы шаруалар бар. Ол алдағы күндердің еншісінде, – деді құттықтау сөзінде Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.
Шаһар басшысы қараша айының аяғына қарай гимназияның бірінші қабатында 90 орындық шағын орталық ашылатынын хабарлады.
Айта кетейік, жаңа білім ордасында әзірге 500-ге тарта шәкірт білім алуда. Олардың басым бөлігі Қостанайдың Б.Момышұлы атындағы №5 аралас мектептен ауысып келіп отыр.
Шұға Қоңқабаева,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев