Көрсеткіш қуып…

Бүгінде оқушы бала-ларға арналған  әртүрлі деңгейдегі байқаулар мен сайыстар, фестивальдер көп… Сахна сыртында тұрып жеңіске жеткен жеңімпаздардың қуанышы қойнына сыймай, алақайлап қуанғанын, көз жасын бұлап жылғандардың да куәсі боларсыз. Әсіресе, осындайда қазылар ал-қасының мүшесі болсаң, өте ауыр тиері сөзсіз. Амал нешік, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дегендей, тек таңдаулысын ғана таңдап аласыз. Байқау барысында жеңімпаздарды анықтап, сыйлықтарды үлестіріп болған соң, кейде  жайлы да жайсыз оқиғаларға тап боласыз. Неге дерсіз?! 
гульназымАйтайын дегенім мынау еді… Енді көп жылдардан бері бүгінгі күндерге дейін қаншама оқушы балалардың өнер-білімі мен шығармашылықтарына арналған  байқау-сайыстарда қазылар алқасының мүшесі ретінде баға берген едік. Сонда облысымызда талапты да талантты балалардың көп, бар екеніне қуандық.  Сондай балаларды жарқыратып, қырнап-сырнап, үлкен сахна төріне, жетістіктер биігіне жетектегенімізге  кейде іштей қуанамын да. Хабарласып та, мерекелермен құттықтап та тұрады. Осы қазылар алқасы қатарында болғанда оқушылар еңбегіне қашанда әділ бағасын беруге ұмтылатынмын. Жуырда   оқушылардың шығармашылық байқауы болған-ды. Балалар  Тәуелсіздік, Қазақстан, туған ел, отбасы, табиғат тақырыптарында  жазған өздерінің туындыларын ұсынуы және  мәнерлеп оқуы да керек-ті. Шығармаларды бағалаған қазылар алқасы да: жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, белгілі ақын, тіл  саласының маманы  осал болған жоқ. Байқау аясында  талапты балаларды таңдау оңайға түскен жоқ. Қайта-қайта  өлеңдерін оқытып, тақырып беріп, жаздырып, бейімін байқадық. Әрине, бойында ақындықтың ұшқыны, өлең жазуға қабілеті  бар балаларды бірден аңғарасың. Нәтижесінде, жеңімпаздарды анықтап, марапаттап, құттықтадық да. Алайда, байқау соңында оқушыларға жетекші болып келген мұғалімдердің біразы бізге келіп "сіздер, әділ бағалаған жоқсыздар, осындай-осындай балалар жақсы өлең шығарады, сіздер білмейсіздер,  соларды бағалап, ең болмағанда, белсенді қатысқаны үшін деген грамота не сертификат берген жоқсыздар, біз жоғарыға айтып шағымданамыз" деп  қазылар алқасына ренжіп, одан қала берді ұрысып, үркітіп кетті. Ал, осыдан кейін қазылар алқасының мүшесі болып көр. Мұғалім үшін баланың жаманы жоқ, бәрі де дарынды, бірақ талаптының да талаптысы, дарындының да дарындысы болады емес пе, біз соларды таңдадық, оған ренжуге болмайды. Байқау болған соң, бірде ұтыласың, бірде ұтасың. Ұтылсаң, қайта жігерленіп, алға қарай ұмтылуың керек. Ал, енді ұстаздардың "грамота, сертификат бермедіңіздер дегені", бүгінде педагогтың көрсеткішіне  оқушыларының осындай байқаулардан алып келген қандай да бір мақтау қағазы, сертификаты кіреді. Санаттылығына оқушының жетістігі қосылады, былайша айтқанда "бонус" алады.  Ал, енді өлеңдерге келсек,  оның ішінде Жамбыл атамыздың да, Мақатаевтың да, халық әндерінің де, композитор  Бейсеуовтің де өлеңдерінен алынған,  ұрланған деп айтамыз ба, екі-үш жолдары жүр. Ақыл айтудан аулақпыз,   көрсеткіш қуып бала талабының жолын кеспейік дегім келеді.  Сондықтан да алда әлі талай байқау бар. Ал, құрметті оқырмандар, алда келе жатқан, 2015 жылғы қой жылы құтты болсын, жаңа жылда жаңа жетістіктерге жетейік!
Гүлназым Сағитова

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓