Ұлтымыздың ұлы күнін ұлықтады

 
Күн мен түн теңеліп, жер-көкке жан бітіп, адамдардың аузы аққа тиіп, Жер-Ана бусанып, жақсылыққа жол бастайтын Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында С.Мәуленов атындағы гимназияның мұғалімдері жоғары сынып оқушылары арасында этносабақ өткізді.
Алғашқы сабақ С.Мәуленов атындағы гимназияның 11 «Ә» сынып жетекшісі Мәдина Әбілдинованың басшылығымен өтті. «Бір шаңырақ астында» деген атаумен өткен этносабақта ұстаз қазақ халқының дастарханы, ұлттық киімдерінің ерекшелігі туралы сыр шертті. 11 «Ә» сынып оқушыларының арасында Наурыз мерекесінің, жаңару мейрамының ерекшеліктері талданды. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдерінің мақал-мәтелдері талқыланып, оқушылар өзара ой бөлісті.
– Бұл іс-шараның танымдық және тәрбиелік мәні зор болды. Наурыз – ізгілік пен бірліктің мерекесі. Бұл күні барша жұрт өкпе-ренішті ұмытып, ағайынмен бір дастархан басында табысады. Адамдар бір-біріне ырыс-несібе тілеп, ақ пейілдерін арнайды. Бұл кезеңді біздің халқымыз береке-бірлік, ырыс-құт мезгілі санайды. Сабақ барысында ата-бабамыздың қонақжайлылығы, бауырмалдылығына, Ұлыстың ұлы күнінің ерекшеліктеріне баса тоқталдық, – дейді Мәдина Әбілдина.
Іс-шара барысында «Қар кесек» әдісі арқылы оқушылар Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерін атап, білімдерін сынады. Еліміздегі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруінің себебі – әрбіреуінің жүрегі «Отаным» деп соғады деген қорытындыға келді шәкірттер.
    

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓