Сайт деген де бір сиқыр
Міне, бір жыл да зырғып өте шықты. 90 жылдық тарихы бар басылым үшін бұл мезгіл түк емес болар, ал, қалыптасып келе жатқан біздер үшін бір жылдың өзі бір белес екені сөзсіз. "Қостанай таңы" газеті бас редакторының бірінші орынбасары Сәлім ағам айтпақшы "газет деген конвейерде" жұтылып жатқан ақпараттарға аз-мұз үн қосқанымыз болмаса, біздің алып жүрген жүгіміз өзгешелеу. Таратып айтар болсақ, төл басылымымыздың имиджін қалыптастырып, таралымын кеңейту – өз алдына, заман талабына сай газетіміздің сайтын жасап, оны жандандыру да жастарға жүктелген еді. Осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай істер қолға алынды.
Сәуірде басталып желтоқсанға дейін жалғасқан "Қостанай таңы" газеті ұжымының халықпен кездесуінің арасында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, "Қостанай таңы" газетінің жыр мүшәйрасы", студенттермен, жастармен түрлі форматтағы кездесулер, қазақтың делебесін қоздырған "Домбыра-думан" шарасы ұйымдастырылды. Айта берсек, жыл басынан бері жүзеге асырылған іс-шаралар жетерлік. Барлығында да "Қостанай таңының" қызметкерлері біркісідей жұмылып, діттеген мақсатымызға жетуге тырыстық.
Үстіміздегі жылы қолға алған шаруаларымыздың бірі – газетіміздің сайтын жандандыру еді. Аз ғана уақыттың ішінде сайтымыздың сәні өзгеріп, мәнді ақпараттарының қатары қалыңдай түсті. Газетіміздің құнды қоры "Қостанай таңы" кітапханасы, жаңадан ашылған "Қостанай таңының" зерттеу орталығы" мен "Жастар.kz", "Бас редактор әлемі" іспетті топтамалар жаңа сипаттағы сайтымызға енгізілді. Сонымен қатар, "Қостанай-ақпарат" айдарында күнделікті жаңалықтар жарияланады.
"Қостанай таңы" сайтының тағы бір маңызды ерекшелігі – газетіміздің электронды нұсқасын компьютерден бөлек ұялы байланыс құралы, планшеттен қарау мүмкіндігі қарастырылған. Оқырманмен кері байланыс орнату мақсатында, сайтымызға тіркелу тетіктері жеңілдетілді. Сайтымыздағы ақпараттарымызбен қаныққан кез-келген оқырман тілші еңбегіне баға беріп, пікірін қалдыра алады. Тағы бір айта кетерлігі, "Қостанай таңының" ресми сайтына жүгінгендер газетіміздің қаз-қалпындағы сұлбасын тамашалау мүмкіндігіне ие. Осы тектес игі істердің нәтижесінде, сайтымызды қолданушылардың қатары 160 мыңнан асты. Қыздарымыз бен жігіттеріміз де сайтымыздың жандануына өз үлестерін қосуда.
Жұматай Кәкімжанов