Қостанайдағы Ораза айт мерекесі
Қалың жұртшылыққа алдын ала хабарлағандықтан және жерлестеріміздің Ислам дініне деген ерекше бетбұрысынан да болар, облыстық мешітке таңертеңнен бастап жамағат көп жиналды.
Айт намазында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Ораза айттың ерекшелігі жөнінде жан-жақты айтты. Сондай-ақ, аруақтарға бағышталып Құран оқылды. Содан кейін жиналған қауымға мешіттің алдындағы арнайы дайындалған орында айттың құрметіне дастархан жайылды.
Сонымен қатар, алдағы бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне байланысты бірқатар журналиске сый-сияпат көрсетті.
Көпшілік қауымға есімдері өңірге танымал өнерпаздар домбырамен терме орындап, күмбірлете күй шертті. Бұл басқосуды журналист әрі талантты әнші Қыдырбек Қиысхан жүргізді.
Көпшілік атынан абыз ақсақал Мырзағали қажы Ғабдуллин өкіл имамға және биылғы Оразаның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан және бір ай бойы ауызашарды ұйымдастырған ағайындарға шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ, 93 жастағы Сейтжан ақсақал мен өмірдің талай асуларынан өткен ақ жаулықты Күлімжан ана ақ батасын берді.
Шара соңында «Зекет» қоры атынан 30 отбасына азық-түлік салынған таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі