Ядролық сынақтар жаңғырығы
Таяуда "Ақ жол" демократиялық партиясы Қостанай облыстық филиалының ұйымдастыруымен ядролық сынақтан зардап шеккен жандардың бүгінгі хал-ахуалын талқылаған кеңейтілген мәжіліс өтті.
Бұл өзекті мәселе бұған дейін де көтеріліп, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді екен. Соны тағы да ой талқысына салған "Ақ жолдықтар" осы жолы тікелей заңның ықпалында шешпекші болып бекінді. Себебі, қазіргі қоғамда атом бомбасының зардабын тартқан жандарға көзқарас біркелкі емес. Кейбір азаматтар әлі күнге дейін үкіметтен нәпақа көре алмауда екен. Мұны жиналысқа қатысқан барлығы бірауыздан құптай түсті.
– Біздер, яғни осындағы жи-налған қауым әлі де сөзімізді билікке өткізе алмай отырмыз. Неліктен дейсіздер, айтайын оның амалын. Өйткені, барлығымыз бірдей қойдай жамырап, "аққу, шортан һәм шаяндай" тірлігімізді бір арнаға түсіре алмай келеміз. Заңнан бейхабармыз. Міне, бүгін төрт көзіміз түгел отыр. Осы жиынның хаттамасын дайындап, заңгерімізбен ақылдаса отырып, облыс әкімі Нұралы Садуақасов-қа жолдайық. Сонда ғана істің нәтижесі болады. Семей өңірі мен Чернобыль апатынан қиыншылық көргендердің басын қосып, арнайы комиссия құ-райық, – деді Жалғас Темірбаев.
– Дұрыс айтады. Біз бұл апатты аймақтарда әскери борышымызды өтеп, Отан алдында абыройлы қызмет атқардық. Қазір сол зардаптан денсаулығымыз нашарлап, кейбіріміз бұл дүниемен ерте қоштасып та жатыр. Бірақ биліктің осыған аса мән бермей жатқаны құрақ-құрақ жамау көңілімізді қынжылтады. Осы билік бізге басын бұра ма?.. – деді Бектай Алмағамбетов.
Міне, осындай өзекті мәселеге үн қатқан "Ақжолдықтар" егер қорытынды шықпаса, алдағы уақытта базыналарын Парламент Мәжілісіне айтпақшы екен.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ