Жеңіске бірге жетеміз
Бұл тарихи құжатта ел дамуының басым бағыттары айқындалған. Атап айтқанда, маңызды құжатта "Қазақстан – 2050" стратегиясының жүзеге асырылуы, Қазақстанның дамыған ел қатарына қосылуы нақтыланған. Сондай-ақ, Президент Жолдауда Қазақстан 2050 жылға дейін өмір сүруі үшін ең қауіпсіз және өркениетті ел болуы керек деп атап көрсетті. Бұл мақсаттар барша қазақстандықтарды қанаттандырады. Ел ертеңінде деген сенімді нығайта түседі.
Елбасының Жолдауы халықтың жыл сайын ерекше ықыласпен күтетін басты құжаты болып табылады. Себебі, бұл маңызды құжат мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттері мен мақсаттарын белгілеп, саяси басым бағыт-бағдарды айқындады.
Қазақстан халқын бір мақсат пен мүдденің аясына жинаған Елбасы кемел келешектің, жарқын болашақтың негізін бүгіннен қалау қажет екеніне баса назар аударды. Стратегия – ол күннен-күнге, жылдан-жылға еліміз бен қазақстандықтардың өмірін жақсарта түсетін нақты тәжірибе жүзіндегі істердің бағдарламасы деген Елбасының бұл жаңа Жолдауы Қазақстан тәуелсіздігін мәңгілік ету жолындағы бағдары айқын, мақсаты биік, мүддесі жоғары бағдарламалық құжат екені айқын.
Елбасы өз Жолдауында қазақстандық қоғамның басты құндылықтарын нығайтатын құжат – Мәңгілік ел жобасын жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Мәңгілік ел болуы үшін қазақстандық патриотизмді, инновациялық жобаларды, геология, археология, көлік, энергетика, экономика салаларын, ғылым, білім, шағын және орта бизнесті дамыту тетіктерін жан-жақты баяндаған Жолдауда Елбасы қоғамда іркілместен дамыған мемлекеттердің қатарына ену жолында қызмет етуге шақырды. Осыған байланысты, Қазақстан Үкіметінің алдында маңызды бірқатар тапсырмалар қойды. Бұл ертеңге деген елдің үлкен сенімін артыратыны сөзсіз. Ал ол үшін жұмылған жұдырықтай бірлік керек. Елбасының жаңа Жолдауындағы маңызды мәселелерді жүзеге асыруға барынша күш салмақпыз. Мемлекет басшысы айтқандай, "Қазақстан – 2050" стратегиясы елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Оған қоғам болып ынтымақтаса кіріскенде ғана жемісті.
Тәуелсіз еліміздің өркендеу, көркейту және әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуына әрқашан да бір адамдай атсалыса жұмыла іс атқаруымыз қажет. Қазақстанның барлық азаматтарын бұл Жолдау бей-жай қалдырмайды. Бұл елдің ең басты стратегиялық құжаты деп білеміз.
Б.АКРЕМЖАНОВА,
Қостанай гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі.