Жарқын жастың жарқылы

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында келер жылды жастар жылы деп жариялады. Елбасы жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналатынын атап көрсетті. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Сондықтан келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Осы арқылы мемлекет басшысы жастар мен олардың ата-аналарын алаңдатқан мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды.6438840
Сонымен, жастар жылынан не күтеміз? Қостанайлық жас әнші Ернар Садырбаевтың айтуынша, 2019 жылы мәдениет саласындағы ел абыройы асқақтайды.
-Мемлекет жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Меніңше, келесі жастар жылы мәдениет саласында бірнеше дарынды жаңа есімді танитын боламыз. Себебі, оған барлық жағынан мүмкіндіктер бар. Сондықтан әр маман өз саласындағы жетістіктерді саралап, өзін-өзі қамшылап, заман талабына сай жаңаны үйренуге тырысып жүруі керек. Бұл ел намысын шет елдерде қорғап жүрген жастар үшін екі есе жауапкершілік жүктейді, – дейді Ернар Садырбаев.
Еске салсақ, жерлесіміз «Славян базары» халықаралық байқауында бірінші орын иеленгені үшін «Дарын» мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл Ернар Садырбаевтың халықаралық дәрежедегі екінші ірі жеңісі. Бұған дейін Прага қаласында өткен екі бірдей ән байқауынан Гран-При жүлдесін ұтып алған еді. Жас әнші газет тілшісіне берген сұхбатында үнемі Қостанай облысымен мақтанып жүретінін айтты.
-Әншілердің көбі мектеп қабырғасынан-ақ өз жолын таңдап қоятын болар. Менікі де осылай басталды. Қостанай қаласында оқыдым. Ән-саз пәнінің мұғалімі әнге деген жақындығымды байқап, қалалық жарыстарға қатыстырып жүрді. Кейін 7 жыл музыка мектебін аяқтадым. ҚР еңбек сіңірген әртісі Александр Калугиннің тәлімін алдым. Әрине, әншілікке жол бастаушы болған Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы екені даусыз. Дегенмен, қайда жүрсем де, Қостанайымды мақтан етемін, – деп ой бөлісті Ернар, – әншілер үнемі ізденісте жүруі тиіс. Ал азамат ретіндегі арманым – Қазақстан байрағын өз өнеріммен биіктету. 
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓