Бақытжан ҒАЯЗОВ: “БАСТЫ МІНДЕТ –болашақ үшін еңбек ету”
Рудный – еселі еңбек пен тынымсыз тірліктің, береке-бірліктің қаласы. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асуының арқасында шырайлы шаһардың күретамырына қан жүгіріп, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша аймағымызда көш бастап келеді. Ендеше бағыт-бағдары айқын, келешегі кемел кеншілер қаласының әкімі Ғаязов Бақытжан Темірұлымен де сұхбаттасудың орайы келген екен.
– Бақытжан Темірұлы, моноқала ретіндегі Рудныйдың бүгінгі даму қар-қыны қандай?
– Қаланың даму қарқынын басты экономикалық көрсеткіштер арқылы ай-қындап көрсетсе болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаладағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 268 млрд.теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 54,3 млрд. теңге, ал орташа айлық жалақы көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 11,6 пайызға артып, 104843 теңгені құрады. Бұның барлығы – экономикалық дамуымызды қамтамасыз етіп отырған "ССКӨБ" АҚ, "Док-Мебель" ЖШС, "Имсталькон – Рудныйлық металлоконструкция зауыты" ЖШС, "Трансремвагон" ЖШС, "Лидер-2", "Лидер 2010" ЖШС, "Стройпромгрупп" ЖШС сияқты кәсіпорындардың табысты жұмысының жемісі.
Айта кетерлігі, оң экономикалық көрсеткіштер биыл да сақталып отыр. Мәселен, 2014 жылдың бірінші тоқсанында өнеркәсіптік өндіріс көлемі бағаға шаққанда 62,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,6 пайызға артық. Тізбектей берсе, жақсы жаңалықтарымыз жеткілікті. Алайда атқарар шаруа да аз емес. Жалпы алсақ, кеншілер қаласының даму қарқыны көңіл толарлықтай.
– Шағын қалалардың өміріне шуақ құйған "Моноқалаларды дамыту" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда қандай мәселелер алға шығып отыр?
– Бұл бағдарлама – шағын қалалардың барлығына тән өзекті мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың маңызды құралы. Сондықтан да оның ойдағыдай жүзеге асуына мемлекет те, қала құраушы кәсіпорын да мүдделі. Біз негізгі күшімізді кәсіпкерлікті ынталандыруға, яки қайта даярлық курстары мен бизнес-инкубаторларды ұйымдастыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға бағыттап отырмыз.
Шағын қала үшін экономиканы ұзақ мерзімді әртараптандыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру және жолдарды жөндеу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы Корчагин көшесін жөндеп, ретке келтірдік. Биыл 50 лет Октября көшесінің Студенттер даңғылынан бастап Железорудныйға дейінгі бөлігін толық жөндеуден өткіз-бекпіз. Сонымен қатар жылу тораптары, жауын канализациялары мен субұрқақтар күрделі жөндеуден өтіп, бірқатар коммуналдық мәселелердің түйіні шешілмек.
– Әлеуметтік саланың дамуына тоқталсаңыз?
– Кез-келген өркениетті елде мемлекеттің негізгі міндеті – бұл халықтың лайықты өмір сапасын және деңгейін қамтамасыз ету. Сондықтан қаланың әлеуметтік саласын дамыту үшін жоспарлы түрде жұмыстар атқарудамыз. Басты мақсат – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту, әлеуметтік сала нысандарын капиталды жөндеуден өткізу, кедейшілікпен және жұмыссыздықпен күресу. Бұл мәселелерді бір күнде шешіп тас-тау мүмкін емес. Зор еңбекті, шыдамдылықты талап етеді.
Рудный қаласында тұр-ғын үй қорын қайта қалпына келтіру бағдарламасы биыл да жалғасып жатыр. Мәселен, 2013 жылы 28 мың, ал 2014 жылдың бірінші тоқсанында 6,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Жуырда Гагарин көшесіндегі 6 қабатты тұрғын үй жеке инвестиция есебінен тұрғызылса, Сандригайло көшесіндегі шағын отбасылық үлгідегі тұрғын үй бюджет қаржысына қалпына келтіріліп жатыр.
Білім саласындағы қызметіміз, ең алдымен, мектепке дейінгі ұйымдардың санын ұлғайтуға арналған. Былтыр 150 бүлдіршінге арналған 2 балабақша пайдалануға беріліп, балабақшамен қамтылғандардың деңгейі 82,8 пайызға жетті. Құдай қаласа, үстіміздегі жылы тағы да 2 балабақша ғимаратын қайта қалпына келтіріп, тұрғындардың игі-лігіне бермекпіз.
Бұдан бөлек, мектептердің де жағдайын назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Мысалға, өткен жылы 5 мектепті күрделі жөндеуден өткізсек, биыл 2 мектеп пен 1 балабақшаға көңіл бөлмекпіз. Жақын арада Перцев елді мекенінде жаңа мектептің құрылысы басталатынын да айта кеткен жөн.
Кез-келген мемлекеттің қуатты болуы, еңбекке қабілетті, ой еңбегі мен дене еңбегін қатар алып жүретін тәні мықты, рухы биік жан-дарға байланысты. Ал халықты жаппай спортқа тартудың бірден-бір жолы – оларға барлық қолайлы жағдайды жасау. Сондықтан бүгінде спорт алаңдарының құрылысы қарқынды жүзеге асуда. Қалада 7 спорт алаңының құрылысы бітіп, пайдалануға берілсе, Рудныйдың түрлі шағын аудандарында жыл соңына дейін тағы осындай 5 алаң бой көтермек.
– Сіз үшін кеншілер шаһары несімен ерекше?
– 1954 жылы Бүкілодақтық екпінді құрылыс жарияланған кезде Рудныйға комсомолдық жолдамамен еліміздің түкпір-түкпірінен тілі мен ұлты басқа мыңдаған жастар ағылды. Олар өз тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып, қонақжай қазақ жеріне тастай батып, судай сіңді. Екінші Отанын тапты. Осылайша тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық. Достық мекені – Рудный қаласы осынысымен ерекше.
Қазіргі таңда қалада 60-тан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың өз тілі мен мәдениетін дамытулары үшін барлық жағдай жасал-ған. Сондықтан осы ұлтаралық келісімді, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның береке-бірлігін сақтау – біздің басты міндетіміз саналады.
– Сіз өзіңізге басты міндет ретінде нені қоясыз?
– Менің басты міндетім – болашақ үшін еңбек ету. Себебі біздің әрбір әрекетіміз бен шешіміміз әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 30 елінің қатарына енуге мүмкіндік беретін "Қазақстан-2050" даму стратегиясының орындалуына әсер етпек.
Мен алға қойылған мақсаттарымыздың барлығына жететінімізге бек сенемін. Себебі біз қуатты халықпыз, қуатты мемлекетпіз. Бастысы, "Бір ел – бір тағдыр" ұстанымын естен шығармағанымыз абзал.
– Рахмет!