Ерлік – ешқашан ұмытылмайды
Әлемдегі ең ауыр, ең күрделі жұмыс – ол өрт сөндірушілердің қызметі дер едік. Өйткені, бет қаратпас қызыл жалынға қарсы баруға кез келген жанның батылы жете бермейді. Ал, қас-қағым сәтте тілсіз жаумен арпалысу майданға барғанмен бірдей. Сондықтан, осы салада өз өмірлерін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап жүргендердің жұмысын ерлікпен пара-пар десек артық айтқандық болмас.

Сәкен Құланбаев өрт сөндіру саласында 1998 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол талай жанның өмірін арашалап қалуға жәрдемдесті. Ол басқарған бөлімшенің жұмысты дұрыс ұйымдастыруының әрі оның жақсы нұсқаушы бола білгенінің арқасында талай адам тілсіз жаудан аман-есен құтқарылды. Мәселен, өткен жылы Арқалық қаласында көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, қызыл жалын арасында қалып қойған 68 жастағы зейнеткер мен он жасар бала, ал биыл 37 жастағы бір азамат осы Сәкен мен оның командасындағы өрт сөндірушілердің қырағылығының арқасында құтқарылған көрінеді. Міне, қызметтегі еңбегі мен ерлігін бағалаған әріптестері де оны осы құрметке лайық деп таныды. Оның бұған дейін де “Ерлігі үшін” медалімен де марапатталғанын айта кетеніміз жөн. Алайда, өзгенің өмірін өзінікінен жоғары санайтын Сәкен Сансызбайұлы адам өмірін құтқарып қалу – ол кез келген адамның азаматтық парызы деп біледі.
-Қызыл жалынды ауыздықтау – ол бүкіл команданың жұмысы. Сондықтан, бұл менің ғана емес, барлық бөлімшедегі өрт сөндірушілердің ерлігі деп білемін. Жалпы, біздің иығымызда қоғамның еркін өмір сүруі үшін аса ауыр жауапкершілік жатыр, сондықтан біз осы міндетті әрқашан абыроймен атқаруымыз керек, – дейді Сәкен Құланбаев.
Қарлығаш Оспанова