Қыр елінің Крыловы Сейіт Кенжеахметовты еске алды
Қостанайда "Қыр елінің Крыловы" атан-ған белгілі жазушы-сатирик, ғалым-этнограф Сейіт Кенжеахметовтың 75 жылдығына арналған еске алу кеші болып өтті. Қазақ сатирасы сардарының шығармашылығын арқау еткен басқосуға Ғұмар Ахметчин, Серікбай Оспанұлы, Нағашыбай Мұқатов, Ақылбек Шаяхмет, Серік Шайман сияқты ақын-жазушылар қатысты. Аттары аталған кісілердің барлығы кезінде Секеңмен бірге қызметтес болған, әзілдері жарасқан жандар. Сондықтан, "Сөз өнерінің сайыпқыраны" деп аталған кеште жер-гілікті қаламгерлер Сейіт ағамыздың бар қырын сөз етті.
Иә, Сейіт Кенжеахметұлының қазақ әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол әр жылдары өзінің тиісті бағасын алды да.
– 1966 жылы жабылып қалған "Коммунизм жолы" газеті қайта шыға бастады. Мен ол кезде Әулие-көл аудандық "Жеңіс туы" газетінде істеймін. Бір күні облыстық газеттің Бас редакторы Бақытжан Жангисин ағамыз шақырып, мені басылымға тілші етіп қабылдады. Онда Бас редактордың орынбасары Сырлыбай Бүркітбаев, Сәділ Кә-диев, Қойшығара Салғарин, Аңсаған Атымтаев сияқты есімдері елге белгілі журналистер біздерге жол көрсетті. Ол кезде мен де "Тың өлкесі" газетіне мақалаларым жиі жарияланып тұрады. Сапаржан Хайдаров деген кісі басылымның басшысы болатын. Содан не керек, "Коммунизм жолына" қызметке орналасқаннан кейін, көп ұзамай Сейіт Кенжеахметов, Сағындық Мырқалиевтер келді.Секең газетте жауапты хатшының орынбасары болып істеді. Редакцияда істеп жүрген жылдары 1967 жылы Сейіттің алғашқы кітабы жарық көрді. Соңыра Торғай облысы ашылғасын ол сонда кетті. Ол өте еңбекқор болатын. Журналистік міндетін атқара жүріп, өлең, әзіл-сықақтарды бұрқыратып жазды. Кейінгі жылдары Сейіттің салт-дәстүр, әдет-ғұрып жайлы жазған кітаптары орыс және ағылшын тілдеріне аударылды. Қазақстандағы көптеген ЖОО ректорлары жазушының әлгі кітаптарын сатып алып, шетелдік қонақтарға кәде-сый ретінде береді екен. Жалпы, Секең қазақтың әдет-ғұрпын түгендеп кетті. Мен сіздерге мынадай бір дерек айтайын, ол 1966-2009 жылдары аралығында 855 шығарма жазған екен. Соның бәрін хаттап, тізімдеп қойыпты. Не деген ұқыптылық десеңізші! – дейді Сейіт Кенжеахметұлы туралы тұщымды ой айтқан сатирик-жазушы Ғұмар Ахметчин.
Белгілі ақын Серікбай Оспанұлы да Сейіт ағамыздың біз біле бермейтін ерекше қыры туралы естелік айтты. – Мен Сейіт Кенжеахметұлын өте кішкентайымнан білемін. Ол кезде Торғайды қала деп атаймыз. Сонда барып-келіп жүргенде алғаш рет Сейіт ағаны мектептің маңында көрдім. Ол кезде Секең аудан орталығындағы пионерлер үйінің директоры екен. Өлеңдері мен сатиралық шығармалары аудандық газетте жиі жарияланып тұрады. Мектепте оқып жүргенде Сейіт ағамыздың "Бес қарынның монологын" бірнеше рет орындағанмын. Кейін Секең Алматыға оқуға кетті. Шындығында ол кісі өте шаруақор кісі еді. Ыбырайдың өнегесін Секең әрі қарай дамытты. Әрі-берідегі қазақтың шашылып қалған салт-дәс-түрлерін жинау деген өте қиын шаруа.
Ал, ақын Нағашыбай Мұқатов ауызы дуалы, сөзі кәделі сатирик жайлы былай деді: "Әрине, Сейіт ағамыз туралы сағаттап айта беруге болады. Бұл кісі республикаға сықақшы ретінде танылған. Ол өмір бойы қоғамдағы келеңсіз құбылыстармен күресті. Сонымен қатар қазақ тілінің үлкен жанашыры еді. Жалпы, Секең – Оспанхан Әубәкі-ровтен кейінгі нөмірі екінші сатирик деп батыл айта аламын. Ол кісі сықақшылдығынан бөлек тамаша актер де еді. Ке-зінде Торғай театрында Сейіт күлкілі образдарды өте шебер сомдаған кісі. Мәскеудегі театр институтына шақырылған еді, бірақ, оған бара алған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Сейіт Кенжеахметұлы қазақ көркемөнерінің күмбезін көтеріп кетті".
Сатира сардарының кешінде жорналшы Серік Шайман, ақын Ақылбек Шаяхметтер сөз алып, Сейіт Кенжеахметұлы өмірінің өнегелі тұстарын әңгімелеп берді. Кештің ара-арасында облыстық филармонияның жанынан құрылған "Тамаша" әзіл-сықақ отауының әр-тістері сатириктің бірнеше шығармаларын сахналады. Ал белгілі әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдин өзінің "Әке арманы" атты жаңа әнін жинал-ғандарға тарту етті.
Кешке Сейіт ағамыздың балалары – Света, Жасұлан, Абзал, Олжас және келіні Ұлбосын арнайы келіп қатысты. Сөз зергерінің ұрпақтары да әкелері жайлы тебірене сөйледі. Олар осы тағылымды кешті ұйымдастырған Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұжымына өз алғыстарын білдірді. Ал осы мекеменің басшысы Гүлжәмерия Қазина алыс-тан келген қонақтарға, Сейіт Кенжеахметұлының балаларына кітапхана атынан алғыс айтып, тарту-таралғы жасады. Еске алу кешінің соңынан Кенжеахметовтердің әулетінің атынан ас берілді.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Суреттерде: Сейіт Кенжеахмет-ұлын еске алу кешінен көріністер.
Суреттер Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана мұрағатынан алынды.