Жолдас айтқан екен

Жолдас МҮХАМЕДЖАНОВТЫҢНе айтса да тауып айтатын, жәй әзілінің өзі ойға батырып, терең астарлы келетін Жолдас Мұхамеджановтың  (1900-1954) есімі Торғай, Қостанай, Жезқазған төңірегіне танымал. Уақытында жергілікті советтердің жұмысына белсене араласып атқару комитетінің төрағасы да болған. Кейін колхоз басқарып ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. Көбіне Аманкелді ауданы төңірегінде қызмет істеген. Ол қолы ашық, дастарханы кең, жаны жомарт қонағы көп, тобасы қабыл жан болса керек. Жолдас өткір тілді, қапелімде, тапжылмай табанда сөз табатын. Күлмес ханыңды да  күлдіре алатын, әртістік қабілеті мол әзілкеш адам болған. Әзіл-қалжың өлеңде шығарған деседі. Фактімен сөйлесек: Жөкеңнің інісі Молдаштың үйінде отырып араққа арнап шығарған мына бір өлеңдете айтқан әзілін келтіре кетейін.
– Ассалаумағалейкум, арақ!
Ант атқыр есіктен кіргеннен,
Көзіңді алмадың ғой маған қадап.
Сен дарияның суы емессің,
Осында бүгін Жөкең келеді деп інім.
Ақша берді ғой саған санап.
Тек сенің бір жарымес мінезің бар,
Бірер рюмкеден кейін жаныңдағыны жүрме сабап.
Онда абақты жақын тұр,
Апарып тастайды қамап,
Өзі айналдырған екі-ақ шөлмек екенсің,
Таң атқанша отырамыз ба бетіңе қарап?
 Оданда ішіп қояйықшы талап, – деп табанда суырып салса  керек.  От ауызды, орақ тілді азаматтың орайлы ойы, ойнақы әзілі жерлестерінің жігерін жанып, темір тездей қисықты түзеп, қыңырды жөнге салуға септігі тиген қалжың-қағытпалары бүгінге дейін ел аузында біреуден бірге айтылып, Құмкешудің құмындай көшіп жүр. Жолдас ағамыздың осы суретін, кейбір мәліметті тікелей ұрпағы, іздеушісі аузына түкірмесе де түкіргендей ізбасары Ұлттық банктің Қостанай облысы филиалының басшысы
Мираш Жұмашов мырзадан алдым.
Айтулы есім
Бірде Жолдастың бір ойнайтын ауылдасы оны қағытып:
– Әй, сен адам емессің. Сен сәбимен бірге түскен жолдассың, жәй баланың жолдасысың.
Сондықтан сен қопақардай болма, – десе керек.
– Өй, санасыз, – депті Жолдас  – көсеміміз Сталинді менсіз атағанын көрдің бе, өзі?!
"Сталин жолдас" не "Жолдас Сталин" дегізіп патшамыздың біресе алдында, біресе артында жүретінімді осы уақытқа дейін білмеуші ме едің, өтірік болса айтшы кәне?! – депті масаттанып.
 
Қайсыңды тыңдауым керек
Жолдастың колхоз төрағасы болып қызмет жасайтын кезі болса керек. Бірде аупартком бюросынан сөгіс алып үн – жұрғасы түсіп келе жатса керек. Жолдас салт атпен ауыл шетіне ене бергенде, оны көріп қалған ауыл адамдары.
– Басқарма келе жатыр. Бас-қарма! Басқарма! – десіп шуласып қалыпты. Сонда Жөкең жиналғандарға дауыстап; – Әй, ағайындар! – депті, аудандағы басшылар ауылыңды дұрыстап "басқар" деп қатты тапсырды. Ал сендер мынау: "басқарма", "басқарма" деп шулайсыңдар. Екі оттың ортасында өлетін болдым ғой тіпті. Сонда мен қайсыңды тыңдауым керек, осы? – депті.
 
Тағы да құрыдым ғой, онда
Жолдас көп жыл қызмет еткен колхозынан нақақ жала жабылып, басқа бір колхозға ауысуға мәжбүр болыпты. Оған тағылған айып: бір әйелмен көңілдестігі болса керек. Жаңа ауылға оны аупартком хатшысы ертіп келеді. Олар жиналыс басталғанша бір үйде сусындап отырады. Жаңа басқарманы көргісі келген ауыл әйелдері киіз үйдің есігінен сығалап маза бермепті. Бір сәт Жөкең бір көріктілеуін қасына шақырып алып:
– Иә, қарағым сен мұнда қайдан жүрсің? – деп сұрапты.
– Қайдан жүргені несі, осы ауылдың қатынымыз.
– Не дейді?! Әр жағыңда тағы да әйелдер бар ма? – депті таңданған кейіппен.
– Бар болғанда қандай.
– Ойбай-ау тағы құрыдым ғой мен сорлы. Мына райком мені бұл ауылда әйел жоқ деп әкелмеп пе еді, – депті Жөкең қынжылыс танытып.
 
Бір айналу
Жолдас ауданның бір бастығына шаруасы болып келіпті. Бірінші күні бастық "бір айналып соқ" депті. Келесі күні "бір айналып кел" депті тағы да. Бұған ыза болған Жолдас тұрған орнында бір айналыпты да:
– Басеке, міне бір айналып болдым – депті.
 Жолдастың бұл ісіне не күлерін, не ашуланарын білмеген анау:
– Жарайды, жұмысыңды айтшы – деп мейірімі түскен екен.
 
Жіліктеп әкетеді
Жолдас ауыр науқастанып халі нашарлаған кезде ағайын-туыстар жиналып олай-пұлай болып кетсе не істейміз деп ақылдасыпты. Сонда ауыр халде жатса да Жолдас:
– Найманның бір қара өгізі өлді деп Аманкелді, Торғайға хабар беріңдер. Өздері-ақ келіп жіліктеп бөліп әкетеді –  депті.
 
Сәлемшілер
Араққа тыйым салу науқаны Жөкеннің кезінде де жүрген екен. Қанша жерден тежеу болғанымен құлқын да қылғытудың, "ақаң" да ортаға енудің амалын тапқан. Бірде аудан басшыларының бірі іссапармен жүріп Жолдас ағамыздың үйіне түсіпті. "Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялатыны" белгілі. Алдыға буы бұрқырап бір табақ ет келіп туралып жатады. Жөкең арақ құяйын десе, басшыдан қаймығады, құймайын десе сараңдық танытқандай болам ба деп екі ұдай ойда болады. Бір "шынының" бір қойдың басымен тең беделінің үстем кезі. Амалсыз айлаға көшеді. Ауызға бөлмеге қарап:
– Әй-әй, әрмен – деп дауыстапты.
– Ол кім, Жөке, кірсін, – дейді мейман сыпайыгершілік танытып.
– Ой, тәйірі осы ауылдың бейбастақтары ғой, түтін аңдып жүрген –  дей салыпты Жөкең.
– Е, келсін, кірсін. Көңіл сыйса бәрі сияды ғой. "Өле жегенше, бөле жейік" – дейді қонақта қарап отырмай.
– Жоқ, ойбай болмайды. Ол пәтшағарлар сыйлы қонақ отыр екен-ау деп сыпайылық сақтауды білмейді. Бәлесіне қалармыз. Құрсын шетінен тентек немерелер өзі.
– Ту, Жөке-ай, тентектік жасап не бүлдіре қояр дейсіз. Бас жарардай бұзақылар емес шығар. Ондай жандар сіздің үйге бас сұқпайды да ғой. Келсін, келсін – деп қонақта ежіктеп болмайды.
– Ұят қой енді…
– Несі ұят. Ұят түгілі түгі де жоқ. Шақыр бері – дейді қонақ бұйрық раймен.
– Жарар енді, Басеке, сіз айт-қан соң амал жоқ қой енді. Тек мені кейін кінәлі ете көрмеңіз. Жәмилә, әй Жәмила ана жүгірмектерді жіберші бері. Ағаларына сәлем берсін – дейді Жөкең.
Сонда әйелі табаққа салып стақандарын сыңғырлатып, екі-үш шыны арақты шайқалтып алып келіпті.
                                        
"Пешке қарай жақыңдасаңшы"
Қыс мезгілі ақпанның ақырған аязды күні болса керек. Жолдас облыс орталығынан, жиналыстан келе жатқанда күн бұзылып аяқ астынан алай-түлей боран болып кетіпті. Амалсыз айдалада қар астында қонуға мәжбүр болады. Қасындағы хатшы бала жаураған лақтай әбден тоңып:
– Аға, тоңып қалдым, үсіп кеттім. Жаурап барам – деп қайта-қайта қыңқылдай беріпті.
– Ой, айналайын, тоңсаң жылу шашқан пешке қарай жақынырақ жатсаңшы, жылынарсың, – десе керек ажал ауызында жатса да әзілі қалмай.
                                                       
Нағашысы Тоқсейітті іздеуі
Тоқсейіт, Бексейіт деген ағайынды кісілер Жолдасқа нағашы жұрт болып келеді екен. Жолдас қызметтен шеттетіліп, Арқалықтағы боксит кенішінде қопарғыш салатын шұнқыр қазып жатқан кезінде Бексейіт кездесіп қалып бұрын ат үстінде жүретін жиенін бір түйремек болып:
– Е, Жолдас, іске сәт! Мына қызыл топырақтың арасынан не жоғалтып, қопарып жатырсың? – депті мысқылды кейіппен. Сонда Жолдас табанда мүдірмей:
–  Өй, атасының аузын ұрайындар! Екі жаман нағашым бар еді, солардың Бексейіті табылып, Тоқсейіті табылмай жатқаны – депті. Сөйтсе Тоқсейіт аштық жылдары аштан өліп, қайда қалғаны белгісіз екен. Кетпеннің басын басып кеткенде сабы маңдайға тигендей кейіпке түскен нағашысы үн-түнсіз қалыпты.
 Сапар ӘБІЛКӘКІМТЕГІ.
 Қостанай қ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓