Киенің иесі әуелі өзіміз

Ainekov2

Аты мәшһүр грек пәлсапашысы Пифагор "қандай да бір ұлттың мінезі мен ғұрпын тану үшін алдымен оның тілін үйренуге тырыс" деген екен-мыс. Сірә ғұлама біздің ғұмырлық болса, сәл басқаша айтар ма еді. Өйткені біздің жағдайымыз өзгерек, өзге жұрт тілден бұрын әуелі мінезімізді жіті ұғынып алғандай. Ал ол ұлттың жаны емес пе еді қайдам… Десек те оның мәнісін өзіміз тиісінше түсіндірмей жүрген соң, өкпелеудің реті қайсы? Бірде отандас өзге ұлт өкілі маған, осы қазақтар несіне шыр-пыр бола береді, өткенде Елбасы да: "Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Ешкімге анау сөйтпеді деп уәж айтудың жөні жоқ. "Тіліміз бар" деп жүрсе, тіліміз бар болады, "тіліміз жоқ" деп жүрсе, тіліміз жоқ болады. Қай-қайдағыны, ақырзаманды басқа орнатпай, Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек" демеп пе еді, неге әуелі өздеріңнен бастамасқа дегені бар-тын?
Растың кейде тастай бататыны бар дегенмен. Жазушы Бақытжан Момышұлы өзінің бір жазбасында: "Мен бір кезде бөтен топыраққа  отырғызылған, жапырағынан қалыбы бөлек, діңгегі қисық ағаш болдым. Ал туған топырағым менің қырқылған тамырым – өз халқымның асыл қасиеті мен бал шырынын бойына сіңіре алмайтынына көзі жетіп, күдерін әлдеқашан үзген еді. Мен қаладағы асфальт жолдың баласымын. Егер өзімді тағы да ағашпен салыстырар болсам, арықтың жағасында бетондалып тасталған ағаш тәріздімін. Тап жанымнан сылдырлап су ағып жатыр, әттең, одан қанып іше алмаймын. Ана тілім мен мәдениеттің, ұлттық салт-дәстүрдің, терме-айтыстың дәл қасында тұрсам  да шөлімді баса алмаймын. Өйткені біздер – тілсіз жетімдер едік" деген екен.
Айтпағым, бұл бағасыз белгіде рух, сайран даланың екпіні бар екені хақ. Оны сезінбей, тұтас ұлттың пешенесін һәм іш дүниесін ұға алман. Тіл – киенің қиынды қиыстырар, жұртты жиыстырар, ұлтты ұйыстырар қуат екеніне күмән кем. Оған дәлел ретінде 2000 жыл бұрын жоғалып кеткен тілін қайта жаңғыртып отырған, тарихында бастарына төнген қатері мен көрген қиын-қыстаулары көп Израиль жұртын  алуға  болады.  Өткен ғасырдың 20-шы жылдары ана тілдерінде сөйлеген адам аз ұшырасқан деседі деректерде. Ал бүгінде ол бір ұлттың қазығы. Беріге дейінгі буынның бүтіндігінің кепілі бізге артқан берік аманат тілде екені тағы бар. Тіл ұлттың айнымас бөлігі я айнасы екеніне дау бар ма? Сол киенің иесі әуелі өзіміз, ендеше кейінгілерге оның кепиетін неге қазірден бастап дұрыс ұқтырмасқа?  
Хош делік, біздің қалауымыз арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей өтпелі кезеңнің көпірінен өтіп кету тек.
Сымбат Сәлімжанқызы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓