Өмірге деген ыза

Немесе қыршынынан қиылған қарындасым Гүлжайна Ғұмарова туралы элегия
Нұрболат
      МЕШІТБАЕВ
Гулжайна2Ол ылғи да күліп жүретін. Қашан көрсем де көзінен, көзінен емес-ау жүрегінен ақтарылған риясыз күлкіні көретінмін. Бұл жерде риясыз дегенім тым артық та шығар, бірақ оның бүкіл болмысын осы мінезі аша түсетін-ді. Осы мінезі жан-жағына жағатын-ды. (Мүм-кін жақпайтын да болар?..) Бірақ мен үшін оның күлім қаққаны, жымиғаны көңі-ліме зәредей де күмән келтірмейтін. Себебі, оның жан-табиғаты – сондай боямасыз еді. Кісіге қылдай қиянаты жоқ жандардың мінезіне тән үйлесімділікті байқайтынмын бойынан.
Бір кездесіп қалғанымда тағы да күлім қақты. Бұл күлгені баяғысындай емес. Анық аңғардым. "Қалың қалай? Жағдай қалай?" деген әдеттегі әңгімеден кейін:
– Сенің осы жолғы жымиғаның маған ой салды, – дедім. Сәл үнсіз тұрдым да әңгімемді қайтадан жалғап: – Бойыңда бір ызғар бар. Адам күлкісінің астарына мән берсең көп нәрсені аңғарасың ғой.
– Ә-ә-ә… Аға, аңғарымпаз екенсіз, – деді жанарын басқа бір жаққа бұрып.
– Иә, сонымен қарындасым?.. – дедім сұраулы жүзбен іштегі сырын білгім кеп.
Ол әлгі назарын салған жақтан көз айырмай аз-маз тұрды да сәл мойын бұрып:
– Рас айтасыз. Күлкінің түрі көп екен: Ызалы күлкі, мазақ күлкі, адал күлкі… ой, аға жетіп артылады ғой. Менің Сіз байқаған күлкіңіз осы ызалы күлкі. Ыза да – қайғы, уайым ғой. Ызаның арты кек. Кектің арты тағы да  уайым.  Бірақ, менің ызам басқа да. Ол – өмір, – деді.
Оның осы бір айтқан ойлы сөздері  жанымды тәнті қыла бастады. Сөзін бөлмедім.
– Басқаша ойлап қалмаңыз, мен бұдан шығар есік таба алмай жүрген жоқпын. Оған қарекет етіп келемін. Сол қарекетім одан құтылудың қамы, амалы. Адам неғұрлым өмірдің ызасын жеп, көрген сайын қайрала түседі екен. Тек оған имани сана қажет, – деді нығарлай түсіп.
Жиырманың ортасынан енді ғана асып бара жатқан қарындасымның мынау сөздері мені одан әрі елтіте түсті. Шыдай алмай:
– Мұны айтатындай не болды, қарындасым? – дедім.
– Ой, аға, қарамайсыз ба жан-жаққа. Бәрі жалған ғой. Өтірік көлгірсу, құр мақтан, бос сөз. Адам осының құлы болып бара жатыр ғой. Сіз ақынжанды адам болып қалай байқамайсыз бәрін, – дегенде ыңғайсызданып, іштей налып қалдым өзіме.
…Осындай ойлы сөздерді айтып, өмірге ызалы болған қарындасыммен бұл дидарласуым соңғы екен. Ызалы болған өміріне ол сыймай, қыршынынан кетті. Ақын досым Абылай Маудановтан Гүлжайнадан  айрылып  қалғанымызды естігенде қатты абыржып қалдым. "Ол атына заты сай жан еді ғой" дегеннен әрі аса алмадым. Оның таланты өз алдына, адамгершілігі, қағілездігі, өмірге тереңнен ойланып қарайтындығы бәрі-бәрі жан-жағындағы адал достарын, замандастарын толғандыратын. Кейбірі оның осы мінезінен үйреніп, үлгі алатын. Өйткені, ол табиғатынан  боямасыз  жаратылған сондай жан еді.
Араласқан аз ғана уақыт ішінде ол үнемі менімен өмір туралы осындай қайшылыққа толы ойларымен бөлісіп отыратын. Сол қайшылыққа толы өмірі оны сыйғызбай, кеудесін кеулеп, тәнін жаратылған топырағына беріп, рухын алып тынды. Әй, қатыгез өмір-ай!.. Осыдан кейін кім саған ызалы емес екен, айтшы?..
 
Абылай Мауданов
Жылағанымды білдің бе?..
Гүлжайна десе, гүл гүл де едің,
Құлаққа сіңген күмбірлі өлеңің.
Қатыгез ажал қыршыннан қиды-ау,
Үлбіреп тұрған бүлдірген едің…
 
Деуші едің… "алда сенем ақ таңға",
Түсірді ажал неге қақпанға?!
Жұлдыздай ағып кете бардың-ау,
Жұлдыздай жанып келе жатқанда…
 
Шашыңнан қалың тілеулестерің,
Бүр жарар балғын гүл емес пе едің?!
Төбеңе сенің тау құлар болса,
Жонымды тосып тіремес пе едім…
 
Сындың ба, Тәңір сынағы жеңіп
Тыныста, бақи жұмағына еніп.
Сен қайтқан түні қаралы көктен,
Мөлдір тамшылар құлады келіп.
 
Мезгілсіз мерт боп құлаған шынар,
(Көңілдің кірі жылап аршылар)
Қаралы көпке қосылып, қимай,
Табиғат бәлкім жылаған шығар?.
 
Гүлжайна десе, гүл гүл де едің,
Қайда енді сырлы, сыңғырлы өлеңің…
Сол түні… жалғыз… жаңбыр астында,
Жылағанымды білдің бе менің?!..
 
Гүлбану Абдуллина,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері:
IMG_0704– Гүлжайнамен таныстығымыз осыдан үш жыл бұрынырақта болды. Мен әдеттегіндей семинармен Жітіқара ауданына бардым.  Ол  аудандық мәдениет үйінде қызмет істейтін. Сол жерде оның талантына  тәнті  болдым.  Бірге Е.Өмірзақов филармониясында еңбек етуге шақырдық. Ол қуана-қуана келісті. Міне, содан бергі үш жылда туған қызымдай болып кеткен Гүлжайнамен керемет  сыйластық. Ол ақжарқын, еңбегіне адал жан еді. Кейде біздер бір-бірімізбен апалы-сіңлідей емес, кәдімгі құрбылар сияқты араластық. Оның жан-дүниесі мүлде бөлек еді. Өмірге деген көзқарасы басқа жандарға ұқсамайтын. Осындай мінезі, қасиеттері арқылы өзімнің жас күндерім, әнге деген сүйіспеншілігім, еңбекқорлығым жиі еске оралатын.
Күні кеше ғана біздер – Ботагөз Биғабылова, Гүлжайна үшеуміз филармонияның  жаңа  бір жобасы "Романтика Романса" қойылымын көрермендерге көрсеткен едік. Соған жарты жылдай дайындалған уақытта Гүл-жайнамның төккен терін, қажырлы еңбегін көріп, оның алғырлығын жаңа бір қырынан тани түстім. Ән өнеріндегі ең бір қиын жанр – романсты шырқау  екінің қолынан келе бермейді. Сол қиын жанрды аз ғана уақыт ішінде ол асқан шеберлікпен меңгеріп кетті.
Қайтейік, ажал оны арамыздан ерте айырды. Оның шығар биігі, алар асуы әлі алда еді ғой!
Жаның жәннатта болсын, Гүлжайнам!
Суретте: Ботагөз Биғабылова, Гүлбану Абдуллина және Гүлжайна Ғұмарова. "Романтика Романса" концертінің премьерасы алдында.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓