«Өр Торғай ерлік мекені» Дулығалы мешітіне жетті
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуын орай ұйымдастырылған «Өр Торғай ерлік мекені» атты экспедицияның сапары Аманкелді мен Ұлытау аудандарында жалғасуда.11 қыркүйек күні Арқалық қаласынан бастау алған экспедиция Қостанай облысының Аманкелді ауданында орналасқан Кейкі батырдың қапыда қаза болған жері мен жерленген жері Бегімбеттің Алакөлінде және сонымен бірге ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Аманкелді батырдың Жалаулы өзенінің бойындағы Жәкен қыстауында екінші рет жерленген зиратында болып тағзым етіп, аруақтар рухына құран бағыштады.Тарихшылар мен өлкетанушылар осы тарихи орындар туралы өздері білетін, зеріттеп жинаған деректерімен бөлісті. Осыдан кейін «Өр Торғай ерлік мекені» экспедицясының мүшелері әйгілі Дулығалы мешітінің басында жезқазғандық делегациямен кездесті. Бұл делегацияны Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің деректоры Бағдат Тілеуліұлы бастап келді. Кешкі қоналқыда бас қосқан екі аймақтың көшелі ақсақалдары мен тарихшы ғалымдары пікір алмасып, кеңес өткізді.
Екі топтың мүшелерінің қатысумен12 қыркүйекте, Құрбан айт күні Дулығалы мешітінде айт намаз оқылып, құрбан шалынды. Осы мешітте 1916 жылы Амангелді батыр бастаған көтерілісшілер құрбан шалып, алғашқы жорықтарына аттанған екен. Сол уақытта сойылған қошқардың бас сүйегі Құлмұхаммед ишан Арыстанбайұлының кесенесінде бүгінгі күнге дейін сақталып келген. Ал енді содан бір ғасыр өткеннен кейінгі арнайы шалынған, көп адам қатысқан құрбандық осы болды.
Қазақпарат