Сөз қадірі
Ауыл адамдарының сөз саптау мәнері тыңдаушыларын еріксіз елең еткізетіндері бар ғой. Бір жолы Жанкелдин ауданының кәзіргі Шеген ауылына барғанымда естіген әңгімем.
Сонау бір жылы жұрт бас қосқан жерде, сөйлеушінің ауызын бағып отыратын Кәдірдің Боранбайы көсіліп сөйлеп кеткенде аңырып, ұйып тыңдап қалыппын. Өзіме жас көрінгенімен, бұл жігіт те осы кезде елуді алқымдап қалыпты. Ана бір кездері сайқымазақ еді, енді жігіт ағасы болған шақта әңгімешіл болып алыпты. Боранбай отырғандардың көңілін өзіне аудару ниетімен: "Бұрынғы кездегі адамдар сөзге тоқтай білген ғой", – деп алды. Сосын ол: "Жапар (Ысмағұлұлын айтып отыр.Қ.Қ.) ағайдың бір айтқыштығын баяндап берейін", – деді. Сол жерде отырған әлеумет елең етіп, сөз тыңдауға ыңғайландық.
– Осы Стансадан (Шеген ауылының бұрынғы атауы) 20 шақырым шамасы. Шығыс-түстік беткейде, Қабырға өзенінің ал-қабында он шақты кигіз үйлі сиыршылар ауылы жаз жайлап отырған. Бір күні жаңағы ауылға Міркемел Сейтқазиев басқарма барса, жалғыз ғана қараша үй қалған. Басқалары тегіс көшіп кетіпті. Ел ағасы отағасымен есендескен соң: "Жапар, қал қалай?" – дейді. Сонда, әлдеқандай себептермен көше алмай қалғанына өкпелі Жәкең: "Қал қалай болушы еді, ел көшкенде жұртта жапа қалады, сосын Жапар қалады", – депті. Мұны естіген басқарма ағамыздың шаңырағын сол сәтте-ақ өз көлігімен көшіріп салыпты, – деп тоқтады Боранбай.
Ысмағұлұлы Жапар да артына талай сөз қалдырған адам. Кешегі үкіметтің атқамінері болған, Тор-ғай еліне танымал Ысқақтың Ибырайымы деген кісі де: "Аюдың (ру аты) айтқышы Жапар ғой", – деп айтып отырады екен.
Жұмасияның жауабы
Жапар ағамыздың әйелі Жұмасияның да талай сөздері ел аузында қалды, – деп, Кәдірдің Боранбайы сөзін әрі қарай сабақтай түсті. Кешегі кезде кеңшар (cовхоз) орталығындағы дүкеннің тазалығы осы апайдың мойнында болатын.
Сауда-саттық бастығы бұл ауылға таяуда ғана келген адам. Ол дүкенге кіріп-шыққан сайын Жұмасия апайға шүйліге беріпті. Сонда жаңағы атқамінерге тілді әйел:
Бастықтың талайы келіп,
Талайы кеткен.
Сен де солардың бірісің.
Ауып келген жоқпын шеттен,
Ала берме беттен.
Бұл дүкенде мен қаламын,
Сосын тышқан қалады, – депті.
Мырза түсін суытып, ықтырмақ ыңғай танытқанда апай:
Сен маған не етесің,
Ертең көшіп кетесің.
Бақылдаған дамылсыз,
Қайдан келген текесің?
– дегенде ана кісі сөзден тосылып, селтиіп тұрып қалыпты. Әбден ызаға булығып жүрген әйел:
Мал дейін десем тұяғың жоқ,
Адам дейін десем сияғың жоқ, – деген кезде одан әрі тұруға күліп жатқан жұрттан қысылған әлгі азамат сыртқа шыға жөнеліпті. Содан кейін сол бастық Жұмасия апайға жұмған ауызын ашпайтын болыпты, – деп, Борекең әңгімесін шиырды.
Бір қояйын ба?
"Бұралқы сөз күлуге жақсы" деген. Шеген ауылына жолым түсіп бір бара қалғанымда, Әбсалық-ұлы Өтегеннің айтқан күлдіргі әңгімелерінің бірі.
Біздің Торғай табанындағы Албарбөгет ауылында той болып жатады. Үзілісте сыраның буына елтіп алған бір жігіт өзінің бұрынғы ұстазына кездесіп қалып, оң қолының жұдырығымен сол қолының алақанына шартылдатып ұрғылап тұрып: "Ағай, сіз баяғыда маған екі қойып едіңіз, мен бір қояйын ба?" – депті деп тыңдаушы жұртты бір ду күлдіріп еді.
Торғайдың еті ме?
Біздің Торғай елінде Шақшақ Жәнібек ауылында тұратын Шалабаев Асанхан деген ағай өте мықты физика маманы болған ұстаз. Қазір ол кісі зейнеткер. Баласы Шалабаев Рүстем атақты палуан. Бірталайдан бері Арқалықта тұрып жатыр. Кездескенде аздап сөзбен арбасып қалатынымыз бар. Сөйткенді қызық көреміз ғой. Сол жігіттен мынандай бір мөлтек әңгіме естідім.
Астанада ет сататын жердегі кісіге барып біреу: "Торғайдың еті ме?" – деп сұрапты. Ет сатушы: "Жоқ, сиырдың еті", – депті деп мені бір күлдіргені бар. Ел ішінде табиғи жайылымда жайылған Торғай жағының малының еті өте дәмді болады делінеді. Соған байланысты ет сұраушы кісінің – "Торғайдың еті ме? – дегендегісі, Торғай жағының малының еті ме? – дегені еді.
Қуанышбай Қазымбеков.
Арқалық қаласы.
Алаш
Олар…
Сонау қария ғасырда
Күмбезді көк етіп,
Төсекті жер етіп жаратқан даланың,
Көкпеңбек көліне шомылып,
Көгілдір тауына сүйенген.
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары,
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған.
Құлжадай қыздары,
Тобықтай төгілген шаштарын,
Семсердің жүзімен тараған.
Алаштың оғылан ұлдары
Осындай тамырдан қан алып.
Осындай құрсақта жаралған.
Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп,
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан.
Найзасы жасындай жарқылдап,
Жаңбырдай сіркіреп жебесі
Жауына тіл қатқан
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан,
Бабасы тәрізді,
Даласы секілді аумаған.
Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ,
Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ,
Арманы –
Алатау құзындай талықсып көз ұшта,
Ажалы –
Керілген киіктей тым сұлу, тым қысқа
Алаштың аймандай ұлдары!
Кеш түссе күңіреніп
Боздайды бұл дала
Боздақтар үнімен,
Білмейді-ау осы үнді
Бозөкпе ұлдарың,
Кіндігін кірлеткен,
Желетек қыздарың,
Білмейді-ау сол үшін
Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын.
Тәуелді рухты,
Тәңір де кешірмес,
Кешірмес жер басып жүруді,
Алланың әр күні "Азат" деп зарланар,
Алаштың оғылан ұлдары,
Сол үшін мерт болып,
Сол үшін шәһит боп өлді олар.
Өлерміз ол рас,
Қабірден жолданған,
Құдайдың хаты бар,
Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар.
Атылған хаттар-ай,
Қанаты тым ыстық,
Кімдерге жетті екен нүкте боп?!
Бес күндік бұл фәни
Бес құлаш матамен оралып,
Тым алыс қашыққа жолданар,
Өйткені біздегі,
Өмірдің мазмұны,
Өлімнің тілімен оқылар
Олар…
Алқымды сабадай
Ажалдың пырағын кісінетіп,
Алласын көрмекке
Аспанға аттанған ғайып боп,
Бұл неткен қайсарлық!
Өлсем ғой шіркін-ай,
Осылар секілді шәйіт боп.
Кеше…
Кеңестік бодандық
Менің күп-күрең қаныма суарып,
Қып-қызыл ту ілген
Кермек жасымды
Кекете сімірген.
Мен содан…
Алаш боп үзіліп
Азат боп қайтадан тірілгем,
Тірілгем…
Жусанның бұрқырап бүрінен…
Ықылас Ожайұлы.
Диалог
– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?..
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!
– Кезген бір тылсым Даланы мәңгі,
Кие боп кеудеме енді ме?
– Көгілдір туға оранып алды,
Күн күліп сәулеленді де!
– Керуен жолдан мың адасыпты,
Көнерген жылдар аңсар боп…
– Көз ұшындағы Қыран да асықты,
Көгілдір туға қонсам деп!
– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!
(Көркем бір бейне кетер деп үнсіз,
Көкіректе әуен үздікті…)
– Көгілдір туды көтерген… кімсіз?
– ТӘУЕЛСІЗДІКПІН!!!
Қалмаханбет Мұқаметқали.