Ақылбек ШАЯХМЕТ Жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл

Шаяхмет_новый размерХалық аузындағы сөздер уақыт өте келе өзгеріске ұшырап отырғаны белгілі. Алайда, сөзі әнге айналып, ел құлағында жатталып қалған мәтіндер орынсыз бұрмаланып кететін жағдайлар да жиі кездеседі.
"Баспадым жардың шетін құлай ма деп,
Ішпедім арық суын лай ма деп.
Жаманмен дос болуға жасқанамын,
Күн туса ердің құнын сұрай ма деп" – деген халық өлеңі бар.
Ал  "Дүние-ай!" деген атпен халық әні деп ән жинақтарында жарияланып жүрген мәтінде "Баспадым жардың шетін құлай ма деп" – деген сөздерден басталатын халық өлеңінің кейінгі жолдарын әншілер "қорқамын дос болуға жамандармен, тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп" – деген тіркеспен айтып жүр. Ер-тоқым қазақ үшін аса қасиетті бұйым. Ол оны ешкімге бермейді. Қазақ "айырылысатын ер ердің артқы қасын сұрайды" – дейді. Немесе ердің (бұл арада азамат деген мағынада) құнын сұрауы мүмкін. Бірақ, ер-тоқым емес. Осы әннің қайырмасы: "қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл, өтіп барады өмір құрғыр" –  деп айтылып жүр. Өмір құрымайды, жалғаса береді ғой. Сөзге бажайлап қарасақ, гүл қауызын таңертең күн сәулесі түскенде ашады ғой, бұлбұл да жаратылыста сол гүлдің ашылғанын көрген сәтте сайрай бастайды. Қыздарды бұлбұл қылып сайратып, жігіттерді тұлпар қылып шапқызып қойғанда не ұттық?! Әннің бағасын кеміттік.
Қостанайдың Науырзым өңірінде Байжан есімді әнші өткен. Біз  білетін сол Байжанның әнінде  "жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл, жастық өтер, ойна да күл!" – болып айтылушы еді. Байжанның әнін ке-зінде облыстық филармонияда әнші болған Байқоңыс Мұхамеджанов тамаша айтатын. Қазіргі Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Қадыр Қаржауов осы әнді нәшіне келтіріп орындайды. Ол аталған әнді Байқоңыс ақсақалдан үйренгенін айтады. "Байжанның әні" аталып кеткен әнді ел арасында "Байжанның жұмбағы" деп те атайды. Оның мәтіні мынандай:
Байжеке, мырза көңілің болды қалай,
Бақшаны аралаушы ең талай-талай.
Қондырсам осынау тұрған қызыл гүлге,
Етуге ептеп сайран жайың қалай?
қайырмасы:
Қыздар – гүл-гүл,
Жігіт – бұлбұл.
Жастық өтер,
Ойна да күл!
Қарғаша қорбаң етіп түсіп қалма,
Бұтақтан мұжып тұяқ ұстай алмай.
Болмаса қараң батып қашып жоғал,
Құяға құйрығыңды бекер малмай.
Шіркін-ай, қыз деген бір гүл емес пе,
Ойнаса қыз бен жігіт күн емес пе?!
Болғанда қыз қызыл гүл, жігіт бұлбұл,
Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе?!
Міне, мазмұны толық ашылып, мағынасы жағынан әннің сөзі де, қайырмасы да үйлесіп тұрған осы тамаша әннің ән жинақтарындағы келесі шумақтары:
"Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды", – деген жолдармен жалғасады.
Бұл жолдар да халықтың қара өлеңінен алынған, ән қайырмасына мүлде қатысы жоқ екені тайға таңба басқандай анық. Ол аз болғандай, қайырманың соңына: "Ахау, арман, дүние жалған" деген жолдарды және  "халау-ләйлім, халау-ләйлім" деген Алдаркөсенің шайтанға айтатын сөздерін де қосып қойыпты. Сондықтан әншілеріміз кездейсоқ естіген "әләуләйім" мен "халауләйімге" ілесе бермей, ән сөзіне абай болуы керек.
 
Өлеңдегі  көсемсөз
Поэзиядағы публицистика – өлеңмен жазылған көсемсөздер қатарына жатады. Ақындардың жырына арқау болған қоғамдық оқиғалар ақын тілімен айтылғанда айтары анық, бояуы қанық болатыны сөзсіз. Ахмет Байтұрсынов ақындар мен билердің сөздерін зерттеуші ғана емес, сондай билер аузынан шығатындай сөздерді өзі де айтушы.
Мәселен, "Жұбату" деген өлеңіне назар аударайық.  "Еркін дала, Еркің қайда? Еркіндегі көркің қайда? Тулы, нулы жерің қайда? Сулы, шулы көлің қайда? Еркін көшкен елің қайда? Ел қорыған ерің қайда? Тура айтатын биің қайда? Би бардағы күйің қайда?"
Үзіндіні өлең түрінде емес, әдейі қара сөз секілді беріп отырмыз. Мұнда ақындықтан көрі шешендік үрдістің басымдығы  көзге шалынады.
Енді осы өлеңдегі алдыңғы және соңғы бунақтардың орнын ауыстырып оқып көрейік:
Еркің қайда, еркін дала?
Көркің қайда еркіндегі?
Жерің қайда тулы, нулы?
Көлің қайда сулы, шулы?
Елің қайда еркін көшкен?
Ерің қайда ел қорыған?
Биің қайда тура айтатын?
Күйің қайда би бардағы?
Шынында да, "қайда?" деген сөздің қайта-қайта қайталануы тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Кейінгі вариант шешендік үлгі жағынан алғашқы варианттан кем түспейді. Тек қана ұйқас жоқ демесе, ырғақ және екпін сақталады.
Немесе "Тілек-бата" өлеңіндегі: "Жақын жерден жау шығып, мақұл сөзден дау шығып, дұшпан ұстап қолымнан, иттер тістеп тонымнан, маған тосу болған шақ, тұтқын болып тарығып, жалғыз жатып зарығып, ашу қысып, ойды алып, өт жайылып, бойды алып, дерт жүрекке толған шақ", – деген жолдар шешендік үлгіде жасалғаны көзге айқын көрінеді.
Ахмет Байтұрсынов сөздерінде оның өзі айтқан шешендік өнердің қанды қыздыратын, намысты келтіретін, жүректі тулатып, естен айыратын уытты, лепті сөздерінің қолданылғанын көреміз.
 
Әубәкір туралы әңгіме
Максим Горький: "Әдебиеттің ең бірінші элементі – тіл" деген екен. Қазіргі көптеген ақын-жазушыларымызда осы тіл байлығы жетіспей жататыны да құпия емес. Қазақ топырағында туып, елдің асыл мұрасынан нәр алған, көнекөз қариялардың шежіресін тыңдап, сөз бұлағынан сусындап өскен, өмірден ерте кеткен Кеңшілік Мырзабековтың сөз қолданыстары таңдай қақтырады десек, артық айт-қандық болмас еді.
Әуелден жалғыз, әкеден жалғыз әулеті,
Әубәкір әуей, ақкөңіл жігіт, әулекі.
Албарда қой көп,
ауласы той боп жататын,
Он саусағы – өнер,
қолының кірі – дәулеті…
Кереге көктеп,
 уық пен шаңырақ қашайтын,
Бояуы қандай,
өрнегі қандай нәші айқын.
Торғайдың талын тоқсанға бұрап,
тың иіп,
Түбіттей иіріп, ағаштан түйін жасайтын.
Осындай түйдек-түйдек төгілген ырғақты жолдардан басталған "Әубәкір туралы элегия" әп дегеннен оқырман жанын баурап алады. Автор суреттеп отырған оқиғасына орай теңеулерді де сәтті таба қояды. Әубәкір ән салса, "қара туырлық құйын ұрғандай қозғалып, қанат біткендей ұшып кетуге аз қалады", оның әнін қаумалаған ел "ұйыған сүттей" тыңдайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Кеңшіліктің осы өлең жолдарын "Әубәкір туралы әңгіме" деген ат қойып, әңгіме түрінде қайта жазып көрсек қайтеді деген ой туды.
"Біздің ауылда тұратын әуелден жал-ғыз, әкеден жалғыз әулеті Әубәкір әуей, ақкөңіл, әулекі жігіт еді. Албарда қой көп, ауласы той болып жататын, он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті болатын… Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын, Бояуы қандай, нәші айқын өрнегі қандай? Торғайдың талын тоқсанға бұрап, тың иіп, түбіттей иіріп, ағаштан түйін жасайтын. Әубәкір ән салса қара туырлық құйын ұрғандай қозғалып, қанат біткендей ұшып кетуге аз қалады. Оның әнін қаумалаған ел "ұйыған сүттей" тыңдайды."
Міне, байқап отырған шығарсыздар, өлеңде айтылған кейбір сөздердің орны ауысқаны болмаса, сол сөздер түгел пайдаланылып, қара сөзбен жазылды. Оқырманға әсері поэзия тіліндей өте әсерлі болмаса да, солғын емес. 
 

You may also like...

1 Response

  1. Лаура айтты:

    Өте керемет ? жақсы шыққан?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓