Бағалы байлығымыз – БІРЛІК
1995 жылдың 1-ші наурызында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қоғамдық-саяси аренада жаңа институт – Қазақстан халқы ассамблеясы пайда болды. Бүгінде бұл ұйым алдына қойылған тапсырманы бұлжытпай орындады деп нық сеніммен айтуға болады.
Қазақстан халқы ассамблеясы мерекесі қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде "Бейбітшілік және келісім жол картасы" республикалық акциясы ұйымдастырылуда. Осыған орай ассамблеяның облыстық филиалының делегаттары Сарыкөл ауданында болды. Оларды қонақжай өңір қуанышпен қарсы алды.
Бұл күні аудандық мәдениет үйінің үлкен залы көрермендерге лық толды. Олардың қошеметтеріне бөленгендер сахна төрінде татар, армян, қазақ, украин және орыстың әсем әрі сырлы әндерін шырқады. Сондай-ақ, әртүрлі халықтың әсерлі билері көрермендерді сергітіп, сахнаны одан әрі әрлей түсті.
Әдемі концерттік бағдарламада біздің ауданымыздың да көркемөнерпаздары өнер көрсетіп, сарыкөлдіктерді сүйсінтті.
Жалпы, тарихқа сүйенсек, қасиетті қазақ жерінде жүзден астам ұлт өкілдері орын тепкен. Бірақ, соған қарамастан ынтымағымыз жарасқан елміз! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: – "Қазақстан – бұл біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ". Ең бастысы, қазақстандықтардың бағалы байлығы – бірлік. Оны біздер, әрдайым бағалауға, көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз!
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.
СУРЕТТЕ: концерттен көрініс.