Ұстаздықты ту еткен Гүлсім Ақжанова туралы сыр
Өміріңді сарапқа салатын, тіршілік тынысын таразыға түсіретін, үйде де, түзде де адам жанына маза бермейтін ойлар… Сол қалықтаған ой құшағы мені сонау өткен ғасырдың 80 жылдарына апарады. Қайран, жастық! Денің де сау, көңілің де жайсаң. Ұшқан құсша самғап, өмірдің дәурен, қызығына тоймай жүретін кездер-ай. Сол жылдары Арқалық педагогикалық училищесінің іргетасы қаланып жатқан кезі еді, еліміздің түкпір-түкпірінен жас мамандар келе бастады. Солардың бірі Қостанай педагогикалық институтының түлегі, тарих пәнінің маманы Гүлсім Ақжанова болды.
Гүлсімнің күлімдеген көзі, төбесіне түйілген шашы, ашық үні, іс-қимылы жарасып тұратын. Мәуелі бәйтеректей қара шаңырақтан, құдайдың берген ұл-қыздарының бірі. Үлкенді сыйлай, қартты құрметтей білетін ата-бабамыздың салт-дәстүрі бойынша, әкесі Төлеген, анасы Зұлқия тұла бойы тұңғышы Гүлсімді Шә-рипа әжейдің қызы деп алаң-сыз, сол кісінің бауырына салды.
Қарт ана өмірден өткенше Гүлсімге жан-жақты, өнегелі, жарасымды тәрбие беруге тырысты, тіл алғыш, елгезек болуға баулыды. Көпті көрген қарияның сөзін тыңдап, үлкенді, ата-ананы құрметтеуге үйретуді ең басты міндет етіп қоя білді асыл әже.
Жылдар өте берді. Гүлсім Торғай өңірінде еңбек еткен жылдарын еске түсіре отырып, киелі топырақтың оның бойына ерекше күш-қуат, жігер бергенін айтады. "Тек қана ұстаз ретінде емес, тұлға ретінде қалыптасуыма нәр берген киелі Торғай жері", – деп жымияды Гүлсім.
Іздемпаз, жаңашыл, талап қоя білетін, жауапкершілігі мол, турашыл – осы қасиеттер Гүлсімді ерекше көзге түсірді. Қарапайым оқытушыдан бөлім меңгерушісі, директордің тәрбие жөніндегі орынбасары, директордың оқу жөніндегі орынбасарына дейін өсті.
Сол кездері қоян-қолтық ұстаздық қызмет еткен, қатар жүрген білікті оқытушыларымыз қандай еді!
Сөзге өткір, қайсар Шәрбану Жұмабекқызы, өз ісіне мығым Галина Ивановна, жылы мінезді, иманжүзді Әйгерім Төлешқызы, қатал да төзімді Дина Орынбай-қызы, қарапайым да мейірімді Сәуле Сәрсенбайқызы, сымбатты да жайдары Ғалия Сәкенқызы, жүрегі жылы Жұмакүл Ерғалиқызы, жаны жайсаң Татьяна Николаевна, парасаты мол Райхан Шәріпқызы, көңілі пәк, бала мінезді Мәрзия Едіресқызы, жаны жомарт Гүлбағи Жәдіренқызы, пейілі дарқан Галина Павловна, тал шыбықтай үзілген Қамаш Бұзаубек-қызы, жұмсақ та нәзік Тілек Батырханқызы, аузын ашса жүрегі көрінетін Людмила Петровна.
Бәріміз бірге жүріп, шәкірттеріміздің жетістіктеріне қуана білдік, бір-бірімізді қолдай алдық. "Беделің – сәулетің, еңбегің – дәулетің", демекші, Гүлсім Төлегенқызы Торғай гуманитарлық колледжінде жиырма жылға жуық еңбек етті. Ұстаздық еңбегінің жемісін көрді, әріптестерінің, шәкірттерінің құрметіне ие болды. "Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі" белгісімен, талай Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталды.
Гүлсім Төлегенқызы тоқсаныншы жылдардың соңында Қостанайға қоныс аударды. Қарт анасының, бауырларының қуанышында шек жоқ. Отбасылық тіршіліктің басында жүріп, туыс-туғандарынан, бауырларынан қарым-қатынасын үзбей келеді, бір шаңырақтың ұйытқысы десек те, артық болмас.
Қонақжай, адал көңілімен дастархан жая алатын, тамаша әзілмен әңгіме жүргізе білетін қа-сиеті де жеткілікті. Гүлсімнің қолынан шыққан ұлттық бұйымдары қандай, көздің жауын алады.
Қазіргі кезеңде тек қана облысымызға емес, республикаға әйгілі Қазтұтынуодағы экономика колледжінде директордың оқу жөніндегі орынбасары қызметін ойдағыдай атқарып келеді.
Аталған колледждің басшысы Хамзин Қабиболла ағалық қамқорлығын көрсете білетін, елге сыйлы азамат. Бұл білім ордасының да 60 жылға жуық тарихы бар. Елге әйгілі шәкірттерін мақтан ете алатын қара шаңырақтардың бірі. Осы киелі колледж қабырғасында шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, қызығы мен шыжығы мол ұстаздық қызметімізді адал атқарып келеміз. Дана халқымыз нәзік жандарын, қыздарын гүлге теңейді. Гүл – күн сәулесінен, адам мейірімінен нәр алып өседі. Сондықтан да осындай аяулы, қарапайым құрбымның барына қуанамын.
Жанат АХМЕТОВА,
"Қазтұтынуодағы"
Қостанай экономикалық колледжінің оқытушысы.