“Үздік ұйым” номинациясын жеңіп алды

Алматыда “Теңдік, ынтымақтастық, әлеуметтік әділеттілік – АМСК қызметіне қойылатын заманауи талаптар”  деген атаумен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мамандарының І республикалық съезді өткен болатын. Оған біздің Қостанай облысынан да жиырма бір делегат қатысып қайтты. Қаламыздағы №3 емхана сол съезде алғашқы медициналық-санитарлық  көмек көрсету бойынша үздік деп танылды.
33333КСК шағын ауданында орналасқан бұл емдеу мекемесінде соңғы жылдары енгізіліп жатқан жаңалықтар аз емес. Ең бастысы, емханаға толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа медициналық жабдықтарға да қол жеткізілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы мұндағы дәрігерлердің қатары тоғыз бірдей  жас маманмен толықты. Бұған қоса, отбасылық дәрігерлердің көмегімен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді бірінші болып қолға алған да осы емхана ұжымы екендігін ерекше атап өткеніміз жөн. Бүгінде денсаулық мекемесінде ересектерге, балаларға, қарттарға және мүгедектерге арналған жеке тіркеу бөлімдері жұмыс істейді. Емхана келер жылы жүкті әйелдерге де арналған тіркеу бөлімін ашуды жоспарлап отырған көрінеді. Аталған емдеу мекемесінде есепте тұрған мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалып, олардың емін-еркін кіріп-шығуы үшін арнайы пандус төселген. Емхана ішінде әлеуметтік-психологиялық көмектің алдын алуға арналған бөлімше де жұмыс істейді. Балалар бөлімшесі мен “Дені сау бала” бөлмесінде де кішкентай тұрғындарға барлық жағдай жасалған.
Емхана ұжымы да жетпіс мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіп отырған денсаулық сақтау мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен медициналық қызмет көрсету сапасының жақсаруы – ол ең алдымен бас дәрігер Манарбек Ахметовтің табанды еңбегінің арқасы деп біледі. Осындай жетістері арқылы “Үздік ұйым” атанған емхана ұжымын біз де осы жеңісімен құттықтаймыз!
 
Қарлығаш Оспанова
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓