Жолы болғыш жан
Сарыкөлдік мүмкіндігі шектеулі жан Еркесар Есенгелдинов тұрмыс қажеттілігі үшін Хоум кредит банкінен 100 мың теңге көлемінде несие алған. Ол банк ұйымдастырып жатқан «Несие мөлшерін ұтып ал!» акциясына қатысқаны үшін 117 мың теңге ұтып алды.
Жалпы, 3 ай бойы ұйымдастырылған акция барысында 100-ден астам сарыкөлдік несие алған. Бірақ, соның ішінде тек Еркесардың жолы болды. Ол тіпті, облыс бойынша ұтысқа ие болған екінші адам.
-Акция жүріп жатқанын өзім де білген жоқпын. Ақша ауадай қажет болған соң, несиеге жүгіндім. Бірақ, бір ғажабы, өмірімде мұндай күтпеген сәттер жиі болып тұрады.
Бұл олжаға қатты қуандым. Біреуден 3 тонна көмір алған едім, соны және басқа да қарыздарымды қайтаруға құдды бір Құдайдың жіберген сыйы болды мен үшін, – дейді жолы болғыш жан.
Мінеки, осындайда дана қазағымыздың: – «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» – деген сөзі, Тәуелсіздік күні қарсаңында ойламаған жерден олжаға кенелген тағдыры бөлек жанға арнайы қаратып айтылғандай.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы